Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылдың басынан бері Ақтау халықаралық әуежайында шетел валютасын контрабандалық жолмен әкетудің жеті әрекеті анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері Грузия мен Иран Ислам Республикасы бағытындағы халықаралық авиарейстерді кедендік бақылау барысында еліміздің жеті азаматынан жалпы сомасы 115 770 АҚШ долларын құрайтын жасырын ақша қаражатын анықтады. Бұл ретте кедендік ресімдеу барысында декларацияланбаған ақша қаражаты анықталғанға дейін азаматтар қолма-қол шетел валютасын декларациялау қажеттілігінің жоқтығы туралы ауызша мәлімдеген.
Осы фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексының 551-бабы, 3-бөлігі «Жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражатын және ақша құралдарын декларацияламауы не анық емес декларациялауы» бойынша әкімшілік істер жүргізілді және 10 АЕК сомасында айыппұл салынды. Декларацияланбаған долларлар иелеріне қайтарылды, деді МО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қолма-қол шетел валютасын және (немесе) ақша құралдарын шетел валютасында 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын сомада әкетуге тыйым салынған. Жоғарыда көрсетілген норманы бұзғаны үшін сомаға байланысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген», деді Кеден бекетінің басшысы Бақытжан Бердібеков.