Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев құрылыс компанияларына тұрғын үйді салған кезде сапалы және қауіпсіз материалдарды таңдап, қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін ескертті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр 27 желтоқсан күні 38 шағынаудандағы «7Qazyna» тұрғын үй кешенінің қасбеті (фасад) өртенген. Екінші қабаттан тұтанған от алтыншы қабатқа дейін көтерілді. Осыған байланысты қала әкімі Ұлықбек Тналиев құрылыс компанияларына тұрғын үйді салған кезде міндетті түрде құрылыс материалдарының сапалы болуын ескертті.
- Ең басты мәселе - қала тұрғындарының қауіпсіздігі. Оның ішінде өрт қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт. Тұрғын үйлердің сыртқы келбеті сапалы және тұрғындарға қауіпсіз болуы керек. Алдында болған өрт кезінде тұрғын үйдің 170 шаршы метр сыртқы келбеті жанып кетті. Аталған тұрғын үйдің сыртқы келбеті пенопластпен қапталғаны анықталды. Ал пенопласт тез жанғыш элементтердің бірі. Сондықтан құрылыс компанияларынан тұрғын үй құрылысына сапалы, қауіпсіз материалдарды таңдауын сұраймын. Тұрғын үйлер қала тұрғындары үшін қауіпсіз болуы қажет, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.