Әлеуметтік желілерге мониторинг барысында Ақтау қаласының әкімдігі теңіз жағалауына 5 қоғамдық әжетхана орнатқаны белгілі болды. Бірақ тұрғындар әжетханаларды пайдалана алмауда деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік сатып алуды зерделеп, модульдік әжетханаларды орнату бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою рәсімдеріндегі сәйкессіздіктерді анықтады.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыстардың нақты орындалмағанына қарамастан, шартқа қол қойылғаннан кейін 2 күн өткен соң жеткізушіге 87 млн теңге көлемінде толық соманы аударған.
Бұл факт ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді және тиісті тексеру жүргізу үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді.
Аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар расталған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен шаралар қабылданатын болады.