Маңғыстау облысы әкімінің телеграм-арнасында облыс тұрғыны Ақтау мен Форт-Шевченко қалаларының арасындағы тас жол туралы шағымын жолдады. Оның айтуынша, жол тегіс емес, ал әкімдіктегілер сауалға жауап беруден қашуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
– Құрметті облыс және қала әкімдері! Менімен бірге Ақтау-Форт Шевченко тас жолына шығуға ұсыныс білдіремін. Жолдың қандай тамаша екенін бірге көрейік. Асфальттың биіктігі сонша, жолда келе жатып, көлік секірген сәтте рульді ұстап отырудан басқа амал жоқ!-дейді желі қолданушысы өз шағымында.
Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, аталған тас жолды өңдеу жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған.
– Сіз атаған облыстық тас жол 2024-2026 жылдарға арналған қайта құру жоспарына енгізілген. Қазір ЖСҚ әзірленуде, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу 2023 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар аталған тас жолдың тегіс емес жерлерінде тиісті жол белгілері орнатылғандығын хабарлаймыз,- делінген Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы маманының хабарламасында.