Қарақия ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің бас маманы Мәншүк Бәйімбетова Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің шешімен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтулы марапатты аудан әкімі Сымбат Төретаев табыстап, Мәншүк Анайбекқызына мемлекеттік қызмет саласында 40 жыл бойы үздіксіз әрі жемісті еңбек еткені үшін алғыс білдірді.
Мәншүк Байымбетова 1964 жылдың 18 қарашада Құрық ауылында дүниеге келген. 1991 жылы бұрынғы Целиноград қаласындағы қаржы-экономикалық техникумын, 2003 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын 1983 жылы Ералиев аудандық атқару комитетінің халық депутаттары Кеңесінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде медтіркеуші болып бастады.
1983-1993 жылдары Қарақия ауданы әкімдігінде іс жүргізуші, 1993-2005 жылдары Қарақия ауданы әкімдігінде жалпы бөлім меңгерушісі, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Ал 2007-2011 жылдары Қарақия аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, сектор меңгерушісі қызметінде болса, 2011-2014 жылдары Қарақия ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы ретінде қызметін жалғастырды.
2014 жылдан осы уақытқа дейін Қарақия ауданы әкімі аппараты персоналды басқару бөлімшесінің бас маманы ретінде табысты қызмет етуде.