Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары мен мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері және тәртіп сақшылары бірігіп, бюджет алдындағы берешегін төлемей жүрген көлік жүргізушілерге түсіндіру мақсатында рейдке шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Шараның негізгі мақсаты - борышкерлерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту жасау,- делінген әкімдік ақпаратында.
Кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, бүгінде темір тұлпар тізгіндегендердің мемлекет алдындағы қарызы 640 млн теңге. Мамандар салық берешектерін төлемеген жағдайда жеке сот орындаушыға жолданатынын айтады.
Көлік жүргізушілері төлемеген салығының мөлшерін «eSalyq»қосымшасы арқылы немесе банк қосымшалары арқылы біліп, борышын өтей алады. Егер көлік жүргізушілері борышын дер кезінде өтемесе көлігі айып тұрағына жабылады.