Бұл адамды бәленбай жылдан бері білемін деп ауыз толтырып айтуым артық болар. Бірақ Талант Құсайынның түсірген фотосуреттерін алғаш газет бетінен көргеніме 30 жылдан асқаны анық. Өзімен жақын араласып, дәмдес, сыйлас болып жүргенім бертінде. Анығын айтқанда, өңірдегі мемлекеттік басылымдар мен бірталай журналистің басын біріктірген «Маңғыстау-Медиа» серіктестігі құрылған 2013 жылдың көктемінен бері шығармашылық тығыз байланыстамыз. Қазірде «Маңғыстау-Медиа» сайтының фотовидео операторы болып істейтін әріптес ағамыз осы бейсенбі күні алпыс жасқа толып отыр. Айнала төңіректегі жанды-жансыздың бәрін фотообъектив нысанасына алып, өзі тасада қала беретін кәсіби шебер туралы білгенімізді орайы келгенде шамамыз жеткенінше баяндап көрелік.
Бұл өмірде өзі қалаған кәсібіне бүтіндей беріліп кететін нағыз фанаттарды қай саладан да кездестіруге болады. Бірақ ондайлар көп емес. «Фотоға түсіру ісі – менің хоббиім әрі өмірлік кәсібім» деп білетін біздің кейіпкеріміз де сол аздың бірі. Атағымды шығарайын немесе оңай жерден пайда таба қояйын деп ұмтылмайтын адалдығы мен қарапайымдылығы үшін, өзіне жүктелген тапсырманы жан-тәнімен беріліп істейтін еңбекқорлығы, ізденімпаздығы үшін сыйлайды оны көпшілік. Кәсіби шебермін деп мақтанып, өзінше баптанып, күй талғауды білмейтін жан. Көзқарастар қақтығысында байқалатын тез тұтанғыш, шапшаң мінезі де бар. Осынша ғұмырының қырық жылында баласындай баптап ұстайтын фотоаппаратымен Маңғыстаудың ой-қырын адақтаған адамның арманы да аз емес. Тыңдайтын құлақ пен тындыратын азамат болса, жаңа технологиялар мен инновацияға қатысты айтар ойлары мен тың идеялары да жеткілікті. Қолға алған кәсібіне байланысты өнертапқыштық қабілеттен де құралақан емес. Кешегі заманда көз көріп, қол істегенді бүгінгінің баласына айтсаң ертегіге ұқсатады. Қазіргі смартфондарға қондырылған камералардағы автоматты режим деген атымен жоқ ол уақытта, таңдаған нысанды түсірер алдында көріністі анықтау, жарық пен жылдамдықты таңдау, диафрагманы үлкейтіп-кішірейту секілді функцияларды қолмен баптап қоясың. Бұрынғының маманы үшін фотоаппаратпен дұрыстап суретке түсірумен жұмыс бітпейтін. Ол бір жауапты жұмыс болса, ендігі кезекте аққара түсті кадрлар тізілген бір құлаштай пленканы қараңғы жерде көлемі қос жұдырықтай құрылғы – дөңгелек бачоктің ішкі бұрамалы шиыршығына мұқият орап салып, сосын тиісті температурадағы химиялық тұз ерітінділерінде өлшеулі уақыт ұстайсың. Сосын арнайы ыдыстан шығарылған таспаны таза, құрғақ жерде кептіресің. Содан кейін дайын пленканың қажет кадрларын жарықтандырғыш лампа орнатылған үлкейткіш құрылғы арқылы санаулы секундта фотоқағазға түсіріп алып, кескінін анықтайтын және бояуын бекітетін арнайы ерітінділерде кезекпен ұстап шығарасың. Оның бәрін қапысыз орындау үшін фотохимиядан хабарың болуы керек. Ол жағын жақсы меңгерген біздің Тәкеңнің фотоматериалдарды сапалы әрі қысқа уақытта дайындайтын өзіндік тиімді тәсілін ойлап тапқанын айтсақ та жеткілікті...
Сырттай ғана бақылаған жанға ол – қайда көрсең де қара сөмкесі қапталында, фотоаппараты мойнында, тыным таппай тызақтап жүретін біреу. Ал әріптестері үшін Маңғыстаудың қаласы мен даласының қай нүктесінде жиын-мереке бар, аламан жарыс бар, төтенше жағдай бар, әйтеуір, сондай елеулі оқиғаның ортасында Таланттың жүруі заңдылық сияқты. Жағасы жайлауда жүретін мұршасы жоқ, үнемі қапылыс жүрісте, ат үстінде кетіп бара жатқанын көресің. Болмысына қарасаң: өте қарапайым, ақкөңіл, адал, тіпті баладай аңғал, кешірімшіл, жүрегі жомарт жанның өзі. Қолында барын ортаға салып, көңілі ауған адамға қуаныш сыйлауға, көмек сұрағанға қолда барымен жәрдем етуге әзір тұрады. Өзгеше мінезінің ол да бір белгісі болар, өз басына жететін әпенділігі де жоқ емес. Қалай десек те, өзінің осы өміріне, қоңырқай тірлігіне қанағат қылып, барына шүкіршілік ететін мейірбан пенденің жақсы қасиеттеріне қарап риза боласың.
Ол Нарын құмының теңізге тірелер жиегінде орналасқан шағындау қазақ ауылда дүниеге келген. «Төңкеріс» деп аталатын ауылдық мектептің директоры болған әдебиетші маман Ахмет Құсайыновтың тоғыз баласының бірі. Балалық, жастық шағы сол ауылда өтіпті. Сегізінші сыныпты тәмамдаған 1975 жылдан бастап Өзендегі апа-жездесінің қолында жатып оқып, Т.Әлиев атындағы бірінші қазақ орта мектебін бітіреді. Оныншыда оқитын кезінде әуесқойларға арналған «Смена» маркалы фотоаппаратымен алғашқы кадрларын түсіріп бастаған бозбаланың алыс жылдарда қалған асқақ арман-қиялы кейінгі бүкіл өмірінің бағдаршамына айналатынын ол кезде өзі де білмеген шығар. Жалындаған жас жігіттің кейінгі екі жылы жердің түбіндегі Скандинавия түбегіне таяу, Норвегияның шекарасында әскери қызметпен өтті. Әскерде жүргенде де сол әуестенген кәсібінен қол үзген жоқ
Өзендегі мұнай кәсіпшілігінде қарапайым оператор болып еңбек жолын бастады. Жалақасынан жырып жинаған ақшасына бағасы әжептәуір жартылай кәсіби «Зенит» фотоаппаратын сатып алғаны ұмытылмас бір бақытты шағы еді-ау!.. Сол уақыттан бері оның неше түрлі фотоаппаратты тұтынып, қаншама кадр түсіргені бір Аллаға ғана белгілі. Ал ресми фототілші атануы 1984 жылы Исатай аудандық «Нарын таңы» газетіндегі қызметінен басталған. Сосын 1989 жылы ашылған «Жаңаөзен» газетінде бірнеше жыл фототілші болып істеді. Тоқсаныншы жылдары біраз жыл фотоға түсіруші және майлы бояумен сурет салушы шеберлердің басын қосқан шағын шығармашылық ұжымға жетекшілік жасап, кәсіпкерлік іспен де айналысты. Алғашқылардың қатарында Маңғыстаудың көптеген киелі жерлерін, соның ішінде Бекет ата жатқан Оғыландыны әр қырынан фотоға түсіру, кәсіби деңгейде суреттерін салу, фотосурет көрмелерін ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Жаңаөзендік қылқалам шеберлері Қуан Әлиев, Таңатар Тағаниязовпен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасайды. Маңғыстаулық замандас фото шеберлерінің ішінен Айсағали Қыдыр мен Бейбіт Нұрсейітті ерекше сыйлайтынын білдім. Ал Бірғали Байекеевті бүкіл Қазақстанның санаулылары санатындағы графикалық сурет салудың кәсіби шебері ретінде бағалайды, құрмет тұтады.
Мынау дүбірлі дүниедегі қайталанбас әрбір қасқағым сәтті фотоға түсіріп алуға құмартып тұратын қасиетті Талантқа табиғаттың өзі сыйлаған. Таудай талабы болғанымен бұйырмысы болмағаны шығар, таңдаған мамандығы бойынша екі арнайы оқу орнында оқығанымен, ақыры аяқтай алмапты. Әсіресе бүкіл одақтағы ең беделді оқу орындарының бірі саналатын Мәскеу фотоорталығында сырттай оқып жүргенінде Кеңестер одағы тарап, аласапыранда оқуын жалғастыра алмағанына қатты өкінеді ол.
Ара-тұра еркін сөйлесіп, әңгіме айтылар мүмкіндік туса, алғыр азаматтың қай тақырыптан да қалыс қалмайтын жанжақты білімді екенін аңғарасың. Ұлт руханиятының тірегі болған тіл мен салт-дәстүрдің бүгіні мен ертеңіне алаңдайды. Тіпті өзінің сүйікті тақырыптарына келгенде дәмді дәріс оқуға да бейіл. Әсіресе көзін ашқаннан көрген атакәсібімен байланысты балық пен фотоаппаратқа қатысты сөз қозғалса, тым көсіліп кететіні бар-ау. Тың идеялар тауып айтуға шебер. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы ретінде кейде арты айтыс-тартысқа ұласатын пікір-таластарға қатысудан да қашпайды. Әттең, көңіл қошы келгенде көкбурыл шашын қайырып тастап, темекісінің көк түтінін будақтатып отырып айтатын көп әңгімелерін тыңдауға мына сүргін заманда үнемі мұршамыз болмай жататыны өкінішті-ақ...
Қарап отырсақ, қазірде екінің бірі қолына фотокамерасы бар смартфон ұстайтын заман туды. Бірақ олардың бәрі керемет фотограф болып кеткен жоқ. Адамның табиғатынан шығар, көпшілігі өзі куә болған өмірдің бір сәтін көрсетуге, әсіресе өзінөзі түсіріп, сельфилетуге құмар келеді. Ал фотоға түсіру өнері мен шеберлік деңгейі – ол мүлдем басқа дүние. Қазіргі заманда қолданылатын ең озық кәсіби цифрлық айналы фотоаппараттар бұл өнердің дамуына кең жол ашып, мол шығармашылық мүмкіндіктер берді. Шетелдік басылымдардың фототілшілері журналистен де, тіпті редактордан да жоғары еңбекақы алатынын, фото өнерін игере білген хас шеберлердің еңбегі өте қымбат бағаланатынын естіп біліп жүрміз.
– Бұрынғы кеңестік кезеңде аудандық газетте фототілші болып істеп жүрген кезімде қаламақымен қоса есептегенде 400 сомдай айлық алатын кездерім болды. Одан көп айлықты біздің жақта тек мұнайшылар ғана алатын. Бір айдан екінші айға жетпейтін қазіргі алатын жалақымызды ол кездің құнды ақшасымен салыстыруға келмейді, - деп бүгін мен кешегі тұрмыс-тіршіліктің боямасыз шындығын ашық айтатыны құр ұраншыл кейбіреулерге ұнамай да қалып жататынын сеземіз.
Былай қараған адамға оңай көрінетін фотоэтюдті түсірудің де кәсіби тұрғыдан қарасаң өзіндік қиындығы бар. Сол сияқты фотопортрет, фотопейзаж, фото- репортаж сияқты сан тарамға бөлінетін оның жанрларын ашып көрсете алатын, тілсіз суретті сөйлете білетін шеберлікке Құдай берген қабілет пен көп жылдық тәжірибенің арқасында жетуге болатынын айтады. Фототілшілік міндетін атқара жүріп Тәкең мұғалім, дәрігер, мұнайшы, малшы, балықшы, теміржолшы сияқты түрлі саладағы қарапайым еңбек адамдарының, көптеген саясат, өнер майталмандарының портретін жасапты. Тіпті ауыр да болса айталық, өлім мен өмірдің арасында жатқан жандарды объектив нысанасына алған кездері де болған...
Шеберліктің шексіз мүмкіндігін миллиондарға ғажап туындысы арқылы таныта білетін биік арманның асуынан көрінсем деп алдына үлкен мақсат қойған алпыстағы ағамызға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыстар тілейміз.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Суреттер Т. Құсайынның туындыларынан