Ақтаудағы Достық үйінде облыстық Бекет ата мешітінің ұйымдастыруымен «Инабатты қыз, ибалы келін, ардақты ана» атты облыстық әйелдер форумы болып өтті. Өңіріміздің барлық аудан-қалалары мешіттерінің қызметкерлері, облыстық дін істері басқармасының өкілдері, әйел-ұстаздар, кәсіпкерлер мен көп балалы аналар қатысқан жиында басты тақырып - ертеңгі келін, ардақты ана, бүгінгі қыз баланың тәрбиесі мен жастарға діни дұрыс бағыт беру мәселесі болды.
Облыстық Бекет ата мешіті әйел-қыздар секторының бастамасымен өлкемізде алғаш рет өткізіліп отырған форумның мақсаты - бүгінгі қыз, ертеңгі ананы тәрбиелеу мәселесіне жете көңіл бөлу. Бұл - бір отбасының мәселесі ғана емес, қоғамның міндеті деп есептеймін. Қай елде, әйел құқығы шектелген деген сұраққа әдетте ислам мемлекеттері деп жауап беруге әзір тұрады. Шындығында, әйел мен ананы отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлін ислам нақты айқындап берді. Тарихтағы көптеген құбылыстар әйелдердің қатысуымен немесе әйел үшін болып жатады. Бүгінде Отанымыздың дамуындағы көп жетістіктерге әйелдер тың дем беруде. Мемлекеттік саясатқа араласып жүрген нәзік жандылардың саны артып келеді, - деді Қазақстан Мұсылмандары Діни бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.
Қазақ қыздары әрдайым қарапайымдылығы мен инабаттылығымен танылған. Содан иманды ұрпақ тараған. Қазақ «Ақылды қыз білімге жүгінеді, ақылсыз қыз сөзге ілінеді» деп, қыз баласын еркелеткен, бірақ, әрдайым кішіпейіл болып, үлкеннің алдын кесіп өтпей, ер азаматты сыйлауға үйреткен.
Өкінішке орай, бүгінде салтын сақтамай, дәстүрінен безіп, аналар жолынан тайқып жүрген арулар пайда болды. Демек, қазақ қызының тәрбиесіне көңіл бөлетін кез келді. Бүгінгі қыз бала, ертеңгі ибалы келін, болашақ ана емес пе? Ата-балаларымыз «Қызға қырық үйден тиым» деп, қыздарын көзден таса етпей, тәрбиесіне аса мән берген. Әйел-шаңырақтың құты, отбасының ұйытқысы. Алыптар да, батырлар да, ақындар да анадан туған. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде әйел адамның орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Бір әулеттің емес, бүтін ұлттың арына баланған қыз баланың тәрбиесіне күллі қоғам атсалысуы тиіс, - дейді көп балалы ана Ақзер Ағаділова.
Облыстық Бекет ата мешітінде әйел-қыздар секторы жұмыс жасайды. Негізгі бағыт –Құран нұрымен сусындатып, сауат ашу, үгіт-насихат және қайырымдылық шараларын атқарып, тұрмысы төмен отбасыларын қолдау. Облыс бойынша 2019 жылы 800-дей шәкірт мешіттерде сауат ашу курсында білім алса, 300-дей отбасына қайырымдылық жасалған.
Сонымен қатар, танымдық семинарлар, Құран оқудан жарыстар ұйымдастырылып, апта сайын үгіт-насихат уағыздары айтылады. Дін мен дәстүрді сабақтастыратын мешітаралық сайыстар өткізіліп тұрады. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде әжелер мектебі ұлттық тәрбие мен дінді сабақтастырып, жастарға ұлттық қолөнерді үйретеді. Жақында «ҚМДБ-ның 30 жылдығына 30 шара» жобасы аясында волейболдан облыс біріншілігі өтті. Спорттық жарыстарды алдағы уақытта тұрақты өткізіп, Абайдың 175 жылдығына арналған байқау жоспарланып отыр, - дейді облыстық Бекет ата мешіті жанындағы әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақмарал Қазиева.
Форумда «Дін және діни радикализм, шығуы мен алдын алу» тақырыбындаоблыстық дін істері басқармасының дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының басшысы Бақытгүл Шопанова сөз алды. Кез келген мемлекет өз тарихының өн бойында үнемі даму үстінде болады, оның азаматтарының саны да, сұранысы да өсіп отырады. Сондай-ақ, мәселелер мен қиындықтар тұрақты туындап отырады. Қазақстан қоғамы да қазіргі жағдайда радикалдану үдерісімен бетпе-бет келіп отыр.
2016-2020 жылдары жүргізілген қызметтік тәжірибем негізіндегі әлеуметтанулық-психологиялық зерттеулер радикалды идеология ықпалына бірінші кезекте билікқұмар жандар, екінші кезекте пайдакүнемдер, сосын әсіредіншілдер немесе «өзіндік мені жоқтар» ұшырайтынын көрсетті. Олардың мінез-құлықтарының ортақ ерекшеліктері өзіне және әлеуметтік жағдайына көңіл толмайтындықтарын айқындады. Радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде 77,3 пайызы толық отбасында, 18,2 пайызы толық емес отбасында, ал, 4,5 пайызы жетім өскен, - дейді Бақытгүл Шопанова.
Жат ағымға еріп, темір торға түскендердің 63 пайызының әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз жандар көрінеді. Радикалдық ағымдар жолына түскендердің көпшілігі орта жастағы азаматтар. Яғни бойында күш-қуаты тасып, ерлік жасауға дайын жастар жаман жолға түсіп кетеді. Сондай маңғыстаулықтардың бірі – «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында елге оралған Әсем Тәжекеева. Білімсіздігінен сөзге еріп, адасқан Әсем қазір бәрін түсінгенін айтады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді ғой, қазақ. Адасқанымды кешіріп, маған жаңаша өмір сүруге мүмкіндік берген туған еліме алғыс айтамын. Жастықтан ба, діндегі бар ағымға қызығып, естігеннің бәрін қабылдап, сене бердім. Жолдасым да әркімнің сөзіне еріп, интернеттен оқығанды дұрыс санады. Әрине, осы ісіме қатты өкінемін, менің қателіктерімді жастар қайталамаса екен деп тілеймін. Діни білімді мешіттен алу керек екен, - дейді Әсем Тәжекеева.
Алғашқы облыстық форум аясында «Ата-анама мың алғыс» рухани кеші өткізілді. Облыстық Бекет ата мешітінің өкілдері мұндай рухани шараларды алдағы уақытта тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.
Анар ШАМШАДИНОВА,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ