Еліміздің тәуелсіздік алуы жолында ұлтымыздың небір қайратты да қайсар ұлдары тер төкті. Сондай ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезде маңдайынан тер, таңдайынан сөз төккен, қайрат күші мен жігерін аямаған азаматтардың бірі – Сайын Нәдірұлы болды. 1988 жылы жабылып қалған Маңғыстау облысын қайта ашу, облыс орталығы Шевченко қаласының атын байырғы жер атауына сәйкес қайта қою, ұлттық тілде тәрбиеленетін мектептер мен балабақшалар ашу секлді мәселелер – көптің көкейінде жүрген арманы болатын. Сайын Шапағатов осы мәселелерді дөп басып, мезгілінде көтеріп, республика басшылығы алдына қоя білген азамт еді.
Жақында Ақтау қаласындағы және С.Шапағатов атындағы №59 балабақшада осынау «Парасат» қозғалысының төрағасы, қоғам қайраткері Сайын Нәдірұлының 80 жылдығына арналған «Ұлы тұлға есімі - ұрпақтың есінде» атты конференция өтті.
Басқосуды Маңғыстау облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығы оқу-әдістемелік бөлімінің жетекшесі Әсия Созақбаева кіріспе сөзбен ашып, осындай игі шаралардың балалар танымына тигізетін пайдасы жайында әңгімеледі.
Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, осы балабақшада 10 жыл басшылық еткен ардагер ұстаз Рысты Ерғалиева естелік айтты. Ал балабақшаның II санатты тәрбиешісі Гулаш Кетебаева ересек топ тәрбиеленушілерімен бірге «Тәуелсіздік тарланбозы» тақырыбында танымдық шара өткізді. Тартымды шара барысында балдырғандар Бүлдіршіндер Гимнді орындап, барлық мемлекеттік рәміздер, С.Шапағатов туралы әңгімелеп, жақсы білетіндерін байқатты.
Мектепалды даярлық топ тәрбиеленушілері дайындаған «Сайын атаны мақтан етеміз» тақырыбындағы шара да жиналғандар көңілінен шықты. Оны І санатты тәрбиеші Алтынай Сүлейменованың ұтымды ұйымдастырып, тақырыпты балалар санасына сіңіре білгені анық.
Сондай-ақ Сайын Нәдірұлының шығармашылығынан үзінді ретінде «Сайыны еді елінің» атты шағын концерттік бағдарламаға да орын беріліп, балабақша қызметкерлері С.Шапағатов жазған өлеңдер мен ол кісіге арналған өлеңдерді оқыды, күй тартып, ән шырқады.
Жиналғандар конференция арқауы болған Сайын Шапағатов туралы түсірілген «Тәуелсіздік тарланбозы» атты фильмді тамашалады. Ал балабақшаның психологы Назерке Темірова конференцияға арнайы дайындалған «Ұлы тұлға есімі - ұрпақтың есінде» тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияға Сайын ағамен бірге жүрген үзеңгілес достары, саяси серіктері де қатысып, естеліктерімен бөлісті. «Парасат» қоғамының төрағасы, саясаткер, Ақтау қаласының құрметті азаматы Данияр Аралбайұлы, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Ақтау қаласының құрметті азаматы Қожахмет Демеубергенов, кезінде «Парасат» қоғамының мүшесі болған Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Ақтау қаласының құрметті азаматы Мейрамбай Қибасов, С.Шапағатовтың көмекшісі болған Айша Айтжанова әсерлі әңгімелерімен көпті баурады.
Тәрбиешілер мен балалар үшін тағлымдық мәні зор шарадан кейін қонақтар Сайын атымен аталған балабақшаны аралап, мұндағы тәрбие жұмыстарымен танысты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА