© inform.kz
2020 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысына қарасты 8 ауылға интернет желісі тартылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына берген жауабында айтылған.
«2018 жылдан бастап ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету аясында «Жоғары оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету« жобасы жүзеге асырылып жатыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, аталған жоба аясында 2020 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысына қарасты 8 ауылдық елді мекеннің 26 мемлекеттік органы мен мекемесі кең жолақты интернетке қол жеткізетін болады.
«Олар: Батыр, Құланды, Сенек, Онды, Тұщықұдық, Шайыр, Шебір, Жыңғылды ауылдары. Бұған қоса, 29 ауылдық елді мекеннің (Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарының жекелеген ауылдары) әрбір абоненттік құрылғысын кемінде секундына 3 Мбит жылдамдықпен қосылуға мүмкіндігі бар төртінші буынның мобильді байланысымен қамтамасыз ету жоспарланған», - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар Премьер-Министрі депутаттар көтеріп отырған бұл мәселенің Үкіметтің тұрақты назарында екендігін атап өтеді.
Дереккөз ҚазАқпарат