Жуырда Ақтау қаласында «№4 «Аққу» балабақшасында «Интеллектуалдық ойындар арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту» тақырыбында семинар өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс балабақшаларының әдіскерлері, тәрбиешілері қатысқан семинардың ашылуында Ақтау қаласының білімді дамыту орталығының әдіскері Раушан Сәтиева мен балабақша директоры Мереке Нурмуханова сөз сөйлеп, педагогтерге сәттілік тіледі. Семинар барысында әдіскерлер «Балаларды интеллектуалды дамыту ойындары» көрмесін ұйымдастырды.
№4 «Балбұлақ» МАД тобында ағылшын тілі мұғалімі мен әдіскер «The little Red Riding Hood» тақырыбында «Қызыл телпек» ертегісінің желісі бойынша оқу қызметін көрсетті. Балалар оқу қызметі барысында ағылшын тілінде санап, әріптерден сөздер құрастырып, түстерді ажыратып, қуыршақ театрымен жануарларды таныстырды.
Одан бөлек, семинар барысында «Блум кубигі», «Воскобович шаршысы», «Танграм» интеллектуалдық-логикалық ойындары балалардың ой-қиялын, тез шешім қабылдау қабілетін арттыру үшін қолданылды. Ойындарды бүлдіршіндер өте қызығушылықпен ойнап, шапшаңдық пен тапқырлық танытып, әртүрлі тапрсырмаларды орындады.
Сондай-ақ, балабақша директоры Мереке Нурмуханова педагогтерге «Мата арт-терапиясы» тренингін өткізді. Тренинг барысында әр педагог бір орамал таңдау арқылы өзінің ішкі жан дүниесі, мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы жайлы мардымды мағлұмат алды.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының жалпы орта білім және мектепке дейінгі бөлім басшысы Клара Құлатаева балабақша ұжымын Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысының Алғыс хатымен марапаттады. Ал семинарға қатысқан педагогтер МО мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының алғыс хатымен марапатталды.