Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасында ангиограф құрылғысымен 55 коронографиялық зерттеу жасалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы аурухана басшысы Мұрат Сарыев айтты. Зерттеу нәтижесінде 27 науқасқа жүрек тамырына байланысты күрделі ота жасалып, 3 науқастың ми тамырларына жүргізген ота сәтті аяқталған. Бүгінде ангиограф құралының көмегімен коронографиялық зерттеу мен ота жасау қала тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр.
Жыл басынан ангиограф аппаратымен ота жасалып жатыр. Мамандарымызды Алматы, Ақтау қалаларынан шақырттық. Бұрын өзімізде мүмкіндік болмағандықтан, жүрек қан тамырлары ауруы анықталған адамдарды облыс орталығына жіберетінбіз. Енді күрделі оталарды жасауға да мүмкіндік алып отырмыз. Оталар МӘМСҚ арқылы жасалып жатыр, - дейді Жаңаөзен көпбейінді қалалық аурухана басшысы Мұрат Сарыев.
Бұндай зерттеуге мұқтаж науқастар бұрын Мәскеу, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларына жіберілген. Коронографиялық ота жедел коронарлық синдром диагнозы бар науқастарға жасалады. Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының мамандары бір күнде 5 науқасқа ота жасай алады.
Айта кетейік, жүрек қан тамырларына ота жасауға облыстық әкімшілік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен МӘМС қолдау көрсетіп отыр.
Ангиограф құрылғысы қойылғалы күрделі оталар осында өтіп жатыр. Жүрегі ауыратын науқас емханада тексерілгеннен кейін коронографиялық зерттеуді қажет етсе бізге жіберіледі. Бүгін бір науқастың жүрек тамырларын тексердік. Оның жүрегінен тарылған, қан жүрмей тұрған жер анықталмады. Сол себепті науқасқа ота жасалмады. Бұдан соң ол кісі емхана кардиологының бақылауында болады, - дейді 12 жылдық еңбек өтілі бар интервенциялық кардиолог маман Қобылан Маратұлы.
Жергілікті анестезия арқылы жүзеге асатын коронографиялық зерттеу 7-10 минут уақыт ішінде жасалады. Ал процесс барысында пациент дәрігермен тілдесе де алады. Қобылан Маратұлының айтуынша, адамның жүрек қан тамырларынан іркіліс анықталған жағдайда тамырдың ішіне стенд, яғни имплант қойылады.
Айта кетейік, бүгінде жүрек қан тамырлары ауруларының өлімге әкелуі дүниежүзі бойынша көш бастап тұр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН