Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашевтің төрағалығымен коронавирусты инфекцияның алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өкілдерінің, шетелдік мамандардың қатысуымен өткен басқосуда Қаныбек Бекболатұлы шетелдік мамандар жұмыс істейтін компаниялардың өкілдеріне санитарлық бақылау пунктінде қосымша тексеру үшін ҚХР азаматтарының халықаралық және ішкі рейстерде жүріп-тұруы туралы хабарлап отыруды тапсырды.
Осы мақсатта тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері ҚХР азаматтары жұмыс істейтін мекемелер арасында жедел әрекет ету үшін WhatsAPP-та чат құрды.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары медициналық ұйымдардың аурудың таралуына жол бермеуге, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде шұғыл шаралар алгоритмін автоматтандыруға дейін жеткізуге дайындықты күшейтуді тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев кеңеске қатысушыларды 2019-nCoV коронавирустық инфекция жағдайларын анықтау стандарттары және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдеріндегі шұғыл іс-шаралар алгоритмі туралы, сондай-ақ медициналық мекемелердің қажетті шараларды көрсетуге толық дайындығы туралы хабардар етті.
Облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшылары Ерғали Сыдыманов өңірде аурудың алдын алу, клиника, диагностика және емдеу үшін қажетті шаралар туралы ақпарат берді.
Кеңеске қатысушыларға облыс әкімдігі, облыс тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті мен аймақтың провизорлар мен фармацевттер қауымдастығы арасында вирусқа қарсы препараттардың, медициналық бұйымдардың (маскалардың) бағасын ұстап тұру туралы Меморандумға қол қойылғаны туралы хабарланды. Бұл құжат 31 қаңтарда күшіне енді және биылғы жылдың 31 наурызына дейін қолданыста болады.
Департамент басшысы Маңғыстау облысы тұрғындарын әлеуметтік желілерде айналып жүрген вирус жұқтырылғаны туралы жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА