Жақында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты 2201 «А» және 2201 «Б» әскери бөлімдерінің 20 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Качаков, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Әлібек Қаюпов, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев, шекара қызметінің ардагерлері және шекарашы сарбаздар қатысты.
Ел шебін қорғап, халық тыныштығын күзеткен сарбаздар мерекесі Түпқараған ауданы, Баутин кентіндегі 2201 «Б» әскери бөлімінде бастау алды. Теңіздегі қауіпсіздікті бақылап, шекараны қырағылықпен, жауапкершілікпен қорғаған «Нұр-Сұлтан», «Қажымұқан» сынды алып кемелердің тізгінін ұстайтын шекарашыларға жүрекжарды тілектер, ақжарма лебіздер көптеп төгілді.
- 2201 «Б» әскери бөлімінің құрылғанына 20 жыл толды. 20 жыл бойы әскери бөлім қызметкерлері өзіне жүктелген тапсырмаларды мінсіз әрі адал орындауда. Еліміздің халқы бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүреді. Бұл тыныштық - шекарашылардың ерен ерлігі мен зор еңбегінің жемісі деп білемін. Кең байтақ жеріміздің тұтас, шекарамыздың берік болуына жауынгер шекарашыларымыздың қосқан үлесі зор. Мемлекетіміз шекарашылардың қызметіне қажетті құрал-жабдықтарына, қару-жарақтарына, кемелері мен катерлеріне, бәрі-бәріне ерекше көңіл бөледі. Шекараны күзетіп, теңіз үстін жіті қадағалауы үшін шекарашыларға барлық жағдай жасаған. Отандық кемелеріміз сыртқы жаумен күресуге, әскери парызымызды адал өтеуге септігін тигізіп жүр. Осынау ерекше әрі мерейлі күнмен барша шекарашыларды шын жүректен құттықтаймын. Жеріміз тұтас, шекарамыз берік болсын!, - деп ақ тілегін білдірді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Әлібек Қаюпов.
Одан соң құттықтау сөздерін Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев, шекара қызметінің ардагерлері ағытты. «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы атынан әскери бөлімге жеңіл автокөлігі сыйланды. Онымен қоса, 2201 «Б» әскери бөліміне 20 жыл толуына орай, бірқатар шекарашы қызметкерлері облыс әкімі Серікбай Трұмовтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
20 жылдық мерейтой 2201 «А» әскери бөлімінің аллеясында жалғасты. Мерекелік жиында шекарашы ардагерлер мен сарбаздар шекара қызметінде аянбай еңбек етіп, елін қорғауда ерлікпен қаза тапқан теңіз шекарашылардың рухтарына тағзым ету үшін ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Әскери бөлімнің 20 жылын тойлап, шекара жауынгерлердің артынан еріп келе жатқан жас буынға естелікке ізгі тілектер және осы әскери бөлімде қызмет етіп, өз үлестерін қосқан шекарашылардың тізімін қалдыру мақсатында «Уақыт капсуласын салу» салтанатты шарасы өтті. Бұл уақыт капсула 10 жылдан соң ашылмақ. Содан кейін аллея аумағында шекарашы ардагерлер ағаш егіп, әскери бөлімнің көркін ашты.
2201 «А» әскери бөлімінің құрылғанына 20 жыл толуымен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Качаков, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Әлібек Қаюпов, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді. «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы атынан әскери бөлімнің жеке құрамына автобус сыйға тартылды. Шекара қызметінде мінсіз қызметімен ерекшеленген шекарашылар облыс әкімі Серікбай Трұмовтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, жиналғандарға әдемі естеліктер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
]