Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың 13 қаңтарында облыс әкімдігінде азаматтарды қабылдайтын «Маңғыстау ашық алаңы» ашылды.
Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету аясында жүктеген міндеттерді орындау, мемлекеттік органдар жұмысының азаматтармен ашық қарым-қатынас жасауға бағытталған жаңа форматын жандандыруды тапсырды. Республика бойынша өңірлік деңгейде азаматтарды қабылдайтын фронт-офистер құрылды.
Ашық алаң жұмысының басты бағыты – билік органдарымен тікелей диалогты қамтамасыз ету арқылы халықтың сенімін арттыру.
Аталған ашық алаңда мемлекеттік органдардан белгіленген жауапты мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа тартылды. Маңғыстау облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық, қала құрылысы және жерді бақылау, кәсіпкерлік және сауда, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының, жергілікті полиция қызметі, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің аймақтық басқармасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жауапты қызметкерлері әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 9.00-18.30 дейін жеке мәселелерімен келген облыс тұрғындарын қабылдады. Олардың мәселесін заң аясында қарап, шешу жолдарын түсіндіріп, болатын мүмкіндіктерді пайдалану шегінде бағыт бағдар беретін болады.
Мәселе басшылық деңгейде қаралатын жағдайда облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық басқармалардың басшылары жеке қабылдау өткізеді.