Қаңтар айының 24-26 күндері Батыс Қазақстан облысында өткен "Жайық қыраны - 2020" турнирінде Тұщыбек ауылының 7-сынып оқушысы Ержан Сахарбай ІІІ орынды иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Маңғыстау" атты қаршығасымен белеске шыққан жас құсбегіні бәйгеге қосып, баптап жүрген ұстазы өңірге белгілі Айшуақ Тайманов.
- Бұл бала маған 2019 жылдан бастап келді. Ержанның құсбегілікке икемі бар екені әу бастан-ақ байқалды. Қыран құсты ұстап, оны қолға үйрету кезінде қорықпай, батылдық танытқаны ұнады. Сондықтан оны құсбегілікке үйретіп бастадық, - дейді Айшуақ Тайманов.
Құсбегілікті серік еткен Ержан жас болса да үлкен сайыстарда олжалы болып жүр. Өткен жылы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық құсбегілер сайысында екінші орын алған.
Қолына құс ұстаған күннен бастап Ержанның киелі өлке атынан үлкен сайыстарға қатысуға деген ынтасы зор болыпты. Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан қазақтың бекзада өнерін жанына жақын тұтқан Ержанға артылған үміт үлкен.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ