Маңғыстаудағы шетелдік нөмірмен жүрген автокөлік иелері уақытша тіркеуге наразы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
200-дей көлік жүргізушісі уәждерін айтып облыстық әкімдік ғимаратына жиналды. Петицияға қол қойғандар Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей автокөліктерінің дауына байланысты Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттер арасындағы шарт бойынша бұл мәселені азаматтардың пайдасына шешуді талап етеді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге наразы жүргізушілер шетелдік автокөліктер ҚР қолданысындағы тұрақты тіркеуге алынсын деген талап қойып отыр.
Кешегі келгенімізде қабылдап алып қаламыз деді, 15 күннің ішінде сізге жауап береміз деді. Біздер бірақ айттық. 15 күте алмаймыз, бұқара халық күтіп отыр. Әкіммен кездескіміз келеді, өз талабымызды әкімнің қолына бергіміз келеді, - дейді шетелдік автокөлік иесі Альберт Серікұлы.
Кешелі бері әкімдік ғимаратын торуылдап жүрген көпшілік бүгін ғимаратқа еніп облыс әкіміне түйткілді мәселелерін тізіп айтты. Оны тиісті орынға жеткізіп, тез арада шешуді сұрады. Мәселе оң шешімін таппаған жағдайда шетелдік автокөлік иелері бейбіт шеруге шықпақ.
Министр Қасымовтың өзі сөйлеп, көлік алуға болады, рұқсат етілді дегеннен кейін бардым. Әйтпесе мен бармайтын едім. Мен Грузияның үстінен өттім, Ресейдің үстінен өттім. Қазақстанға келдім, 6 ай болды жүргеніме, мені бір де бір рет тоқтатқан емес, мен заңды деп ойлап жүрдім. Көлік менің атымда уақытша сол жаққа пропискаға тұрып, алып келдім, - дейді Айнұр Қожақова.
Мәселені ортаға салған жұртшылық аймақ басшысының жауабын тыңдады.
Басқадай ұсыныс, айтатын өтініш, пікір болып жатса маған жазбаша қағаздарыңызды қалдырыңыздар. Бұдан кейін мен оны жоғарыға жіберемін. Мүмкін жұмысшы тобы құрылар, арнайы комисиясы болар, мүмкін қарар, - деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Сурет автордан