Ақтау қаласы әкімдігінің ғимаратында өткен жиында қала әкімі Ғ.Ниязов қала аумағында салып жатқан көптеген құрылыстар бойынша баяндама жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде, құрылыс мекемелері тарапынан қала аумағында жеке қаражат есебінен 50 компания 69 тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. (Жалпы ауданы 1 млн. 120 мың м2 құрайтын, 10150 пәтер). Араларында заңға қайшы келіп, құрылыс бастаған компаниялар бар. Қала әкімдігі анықталған заң бұзушылықтарға шара алу үшін, Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасына 94 хат жолдап, қазіргі таңда, рұқсат құжаттарын толық рәсімдемей құрылыс жұмыстарын жүргізген тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-не сәйкес, 174 хаттама толтырылып, 45 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. (ҚР ӘҚБтК-нің 316,318,321,462,463-1 баптары бойынша).
Сонымен қатар, бөлім тарапынан, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2019 жылдың желтоқсан айы аралығында, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен, рұқсатсыз, өз бетімен салынған құрылысты бұзу бойынша ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес, сотқа тұрғын үйлерге қатысты 18 талап арыз жолданды.
19 шағын ауданда бұрын «BCC-ОУСА» ЖШС-нің меншігінде болған жалпы көлемі 28,35 гектар жерді жекеменшік құрылыс компаниялары сатып алып, оның 21 гектар жеріне коммерциялық мақсатта тұрғын үй салуда. Қала әкімі аталған шағын ауданға жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдарға тоқталды. Бүгінгі таңда, аталған шағын ауданның, ұзындығы 700 м болатын жылу құбырын және ұзындығы 900 м құрайтын су, кәріз құбырлары 17 құрылыс мекемесінің есебінен, «КЖСА» МКК-мен жүргізілуде, аталған жұмыстардың жалпы соммасы 230 млн. теңгені құрайды, оның ішінде 93 млн. теңге көлемінде қаражаты салынды. Қазіргі уақытта инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 950 м құрайтын траншеясы қазылып, 850 м құбыры жүргізілді.
Сонымен қатар, қала әкімі құрылысы тұралап қалған құрылыстарға тоқталды. Мәселен, 15 шағын аудандағы құрылысы ұзақ мерзімге созылған «Ақ желкен» тұрғын үй кешенінің құрылысы «Корпорация Қазақ құрылыс» ЖШС тарапынан құрылыстың эскиздік жобасы жасақталып бекітілді. Жоба бойынша тұрғын үй кешені 23 қабатты болып қарастырылған. Қазіргі таңда жобалау сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) жасақталуда. Құрылыс жұмыстары 2021 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда.
28 шағын аудандағы құрылысы ұзақ мерзімге созылған «Заветная мечта-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы «Тұрғын үй Бақыт» ТҚК өкілінің хатына сәйкес, аталған тұрғын үйге (коммерциялық жайларға) қаражатын салған 21 азаматқа, өзге коммерциялық тұрғын үйлерден коммерциялық жайлар берілген. Бүгінгі күні салымшылардың мәселесі толықтай шешілді және де кооператив тарапынан табысталған құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 4-ші тоқсанында аяқталады.
Жиын соңында өңір басшысы құрылысшыларға жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы, ғимараттардың сыртқы келбеті, құрылыс компанияларының халық алдындағы жауапкершілігі жайында ой қозғап, қалада салынып жатқан барлық құрылыстар әкімдіктің жіті бақылауында екенін айтты. Ақтау қаласының әкіміне әрбір құрылыс объектілеріндегі қауіпсіздік шараларын қадағалауды, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды жедел түрде бітіруді және құрылысшылармен апта сайын кездесіп, ортақ жұмысты үйлестіруді тапсырды.