Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадовпен кездесу өтті.
Басқосу барысында депутат Парламент мәжілісінің 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді.
- Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, қазақ елі мемлекетінің беделі жылдан жылға артып келеді, - деген ол «Педагог мәртебесі туралы» қабылданған Заң жобасының жаңашылдықтарына тоқталды.
Халық қалаулысы Заң жобасын әзірлеудің негізгі идеясы — мұғалімдердің жүктемесін азайту, олардың міндетіне жатпайтын жұмыстарды орындаудан босату, сонымен қатар мұғалімдердің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын ұлғайтуға, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар қарастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ Ахмед Мурадов Еріктілер жылына да қатысты ойымен бөлісті.
- Мемлекет Басшысының жарлығымен 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды, - деді депутат. - Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясы 4 бағыт бойынша Тұжырымдама әзірледі. Қазақстанның барлық өңірлері сол тұжырымдамаға сүйене отырып, ауқымды іс-шараларды өткізуге ат салысатын болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА