15 қыркүйектен бастап ел бойынша емханаларға тіркеу науқаны басталды. Енді маңғыстаулықтар өз қалауы бойынша 15 қарашаға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға емханаларды таңдай алады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Маңғыстау облысы бойынша директоры Елдеш Қосмағанбетов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, егер тұрғын емханада бекітілген болса, консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаға жатып емделуге, зертханалық тексеру, консервативті немесе хирургиялық емес емдеу, кез-келген жоспарлы медициналық қызметтердің көрсетілуіне және басқа да медициналық жолдамаларды ала алады.
- Биыл облыс бойынша 61 медициналық мекеме әлеуметтік сақтандыру аясында қызмет көрсетуге келісім жасады. Атап айтсақ, Ақтау қаласында 15 мемлекеттік және 21 жекеменшік медициналық мекеме бар. Ал Жаңаөзен қаласында 4 мемлекеттік, 5 жекеменшік, Қарақия ауданында 2 мемлекеттік, 3 жекеменшік мекеме келісім жасаған. Маңғыстау ауданы бойынша 1 мемлекеттік, 1 жеке меншік, Бейнеу ауданы бойынша 2 мемлекеттік мекеме, Мұнайлы ауданы бойынша 1 мемлекеттік, 4 жекеменшік, Түпқарағаннан 1 мемлекеттік, 1 жекеменшік медициналық мекемесі бар. Тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны бойынша бір ғана медициналық ұйымға тіркелуге болады. Қала маңындағы тұрғындар жақын маңдағы емханаға тіркеле алады, - деді Елдеш Қосмағанбетов.
Емханаға екі түрлі жолмен тіркеле аласыз. Яғни, емхананың тіркеу бөліміне жүгіну және тіркелу туралы өтініш жазу арқылы, сондай-ақ үйден шықпай http://egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім берсеңіз болады.
Сонымен қатар брифингте «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген өзгерістер айтылды.
-Алдағы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болу үшін өткен 12 айдағы жарналарды төлеудің қажеті жоқ. Алдағы 12 айға төлеп және сақтандыруға толық мүмкіндік беретін өзгерістер қыркүйек айының 5 жұлдызынан бастап күшіне енді,-деп атап өтті спикер.
Ал МӘМС жүйесінде мәртебеңізді электрондық үкімет порталы Egov.kz, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz. ресми сайты, Goldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot боты арқылы тексеруге болады.