Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Аят Сүгірбай БАҚ өкілдері және ардагер-журналистермен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында Аят Сүгірбай ел Президентінің халыққа жолдауының мән-маңызы және жуырда өткен Amanat партиясының кезектен тыс XXIV Сьезінде көтерілген басты мәселелер жөнінде сөз қозғады.
" Қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті халыққа Жолдауында қоғам мен экономика саласындағы жаңғырту үдерістерін жеделдету мәселесіне жете мән берді. Саяси-қоғамдық реформаларды іске асырудағы алғашқы қадам - референдум өтті. Алдағы кезектен тыс Президент сайлауы іргелі өзгерістерге батыл қадам болмақ. Ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін бір жеңнен қол шығарар бірлік қажет. Сьезде Amanat партиясынан өзге бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер бірауыздан президентікке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну бойынша шешім қабылдады.
Қазіргідей геосаяси ахуалда біртұтас ауызбірлік ауадай қажет. Сьезд өте жоғары деңгейде, еркін форматта өтті. Сьезде қаралған тағы бір мәселе - Amanat партиясының саяси тұғырнамасы бекітілді. Елдік құжат үш-ақ бетті қамтыса да, мазмұндық салмағы ауыр, ауқымы зор. Өздеріңізге мәлім референдум кезінде қоғамда тіл мәртебесін бекіту, айқындау мәселесі жиі көтерілді. Саяси тұғырнамада Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті, тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың парызы екендігін баса мән берілді. Сьезге Маңғыстаудан 25 делегат қатысты. Баршамыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Алдағы саяси науқанда маңғыстаулықтар белсенділік танытады деген сенімім зор",-дейді Аят Сүгірбай.
"Еліміз қоғамды демократияландыру тұрғысынан Америка мен Еуропа елдерін өкшелеп келеді. Бұл ретте әділетті Қазақстан мен демократиялы қоғам құрудың басты көрінісі - әділ сот төрелігі мен заң үстемдігін қалыптастыру әрі қолдау екендігін ескеруіміз керек. Бір данышпан айтқан екен "билігі заңынан биік тұрған ел құрдымға кетеді" деп. Мемлекеттік сана жетілуі керек. Рухани кемелдену, туған ел мен жерді сүю, ұлттық мүдде жолында ұйыса білу аса маңызды" ,-деді "Маңғыстау" облыстық газетінің редакторы Ғалым Әріп.
"Біз ұлы өзгерістер тұсында өмір сүріп келеміз. Ел Президентінің кезектен тыс жолдауы негізінде көптеген жұмыстар жасалуы тиіс. Қоғам тарапынан Президенттік мерзімді ұзарту тұжырымдамасы қолдау тапты. Ендігі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүргізіледі деген ойдамын. Бірқатар ел президенттігіне үміткерлер айқындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев терең дипломат, әлемдік геосаяси ахуалды қалт етпей бақылап отырған тәжірибелі саясаткер. Бүгінде "Ардагер кеңесінің" қызметі партия жұмысымен үйлесім тауып жатыр. Ауыл-аймақты аралап, ақсақалдармен жүздесу, келелі кеңес өткізу жоспарланды. Рухани қабілетімізді арттыру, өскелең ұрпақ өн бойына отаншылдық сезімді сіңіру өзектілігін жоймайды. Отандық тауарлар легін толықтыра түсу, әлеумет хал-ахуалын бажайлай отырып, әлеуметтік қолдау іс-шараларын жергілікті жерді жандандыра түсу қажет", - деді ардагер журналист.