Үш күннен бері жоғалып кеткен Жаңаөзен тұрғыны аман табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
7 қазан күні үйінде хат жазып қалдырып, хабар-ошарсыз жоғалған Әйгерім Ыланбаева аман-есен табылды. Оның үйіне оралғаны туралы туыстары айтып отыр.
«Үш күннен бері іздестірген Әйгерім үйге аман оралды. Ол осы күндері Жаңаөзен қаласындағы 2 ықшамаудандағы үйлердің бірінде болыпты. Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанын айтты. Сол үшін осындай қадамға барыпты», - деді нағашы әпкесі.
Жақындарын әбігерге салған Әйгерім Ыланбаеваны іздеу жұмыстарын полиция қолға алған.
«Оның денсаулығы қалыпты, көңіл күйінде ешқандай алаң жоқ», - деді жақындары.
22 жастағы жаңаөзендік қыз бұрын қаладағы балабақшада жұмыс істеген. Кейін ол жұмысынан өз еркімен шығып, блогердің көмекшісі болып табыс тауып жүрген.