© aikyn.kz
Жаңаөзенде үш күннен бері жоғалып кеткен 22 жастағы қыз әлі табылмады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әйгерім Ыланбаева жұма күні кешкілік үйінде хат жазып, сол күйі із-түссіз кеткен. Оның туысы жоғалған қыз соңғы уақытта қатты қиналғанын бірнеше рет айтқан екен.
«Әйгерім 7 қазан күні кешке үйден шығып кетіпті. Бұл кезде әкесі мұнай-газ компаниясындағы түнгі жұмысында болса, інісі де жұмыста болған. «Әке, Ержанбек! Мен сіздерді жақсы көремін. Мені еске алып жүріңіздер» деп хат жазып, оны үстелді үстіне қойып кетіпті. Әйгерім балабақшада жұмыс істеп жүріп екі ай бұрын ол жақтан шығып кетті. Кейін бір блогердің көмекшісі болып табыс тапты», - дейді нағашы әпкесі.
Әйгерім Ыланбаеваның туған інісі таяуда адам қағып кеткен. Соған қатысты барлық ауыртпалықты әпкесі мойнына алған.
«Інісі Ержанбек таяуда көлікпен адам қақты. Сол жағдай Әйгерімге қатты батқан болуы керек. Кейін туыстары мен жақындары 1 500 000 теңгені жинап беріп, зардап шеккен адамның ем-домына жұмсады. Кейін аураханада жатқан адамның күйеуі Әйгерімге тағы 2 000 000 теңге қажет екенін айтты. Себебі, оның жағдайы ауыр болған», - деді нағашы әпкесі.
Әйгерім Ыланбаеваны қазір Жаңаөзен қалалық полициясы іздестіруді қолға алды. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
«Әйгеріммен соңғы реті бейсенбі күні сөйлестік. Жұма күні әлеуметтік желіде жазба жариялады. Онда «Еске аларсыздар! Өмірге сынып қаламын деп ойлаппын» деп жазған. Не болып қалды деп хабарлассақ, телефоны өшірулі екен. Таңда інісі телефон соғып, үйде жоқ екенін жеткізді. Соңғы күндері қатты қиналып, материалдық жағдайдың қатты қинап жүргенін айтқан болатын», - дейді нағашы әпкесі.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті Әйгерім Ыланбаеваға қатысты пікір білдірген жоқ. Жақындарының сөзінше, полиция іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтқан.