Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында «қара өлеңнің қасқалдағы атанған» «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ақын Есенғали Раушановтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шолпан жұлдыз туғанша» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Танымдық-әдеби кешке өлкемізге белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, жасынан ақын жырларын жатқа оқып, жанына жалау еткен оқырмандары қатысты.
Атап айтар болсақ, Есберген Іңірбаев, Акшагул Рамазанова , Маңдайлы Қосымбай Ерекен Корабаев, Сәрсен Қадыр, Мұхит Салқын, Әнуар Бимағабет, Асылбек Жаңбырбай секілді ақынның ізбасар інілері мен ақын туралы естеліктер айтты.
Ақынның сөзіне жазылған Л.Амановтың «Қара бауыр қасқалдақ» әнін белгілі өнерпаз Марат Сафаров, Т.Досымовтың «Жолданбайтын хат» әнін күміс көмей әнші Айгүл Құбаш орындады. Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Президенті степендиясының иегері, Табылды Досымовтың төл шәкірті Есенбай Құли да еске алу кешіне арнайы келіп, ақын сөзіне өзі жазған «Жалғыз жиде», « Мәжнүн тал» әндерін шырқады. Қаламыздағы Н.Оңдасынов атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Тұманбай Сағыныш, №19 мектеп оқушылары Көмек Абыл, Сағындық Заңғар ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Кітапхананың тұрақты оқырмандары, Ш.Есенов және " Болашақ" колледжінің студенттері рухани кеш көрермені болып, «... Қарашы, әлем сөйлеп тұр жыр тілінде» атты көрмені тамашалады.