Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов 15 шағынаудан тұрғындарынан құралған ынталы топпен тілдесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, Жер қатынастары, Сәулет және қала құрылысы бөлімі, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен Тұрғын үй инспекциясы, АУЭС, Green City Aktau және КЖСА өкілдері қатысты.
Тұрғындар қаладағы және шағынаудандағы өзекті мәселелерін айтты.
Кездесу басында тұрғындар әкімді жаңа қызметімен құттықтады. Қала тазалығы, 15ш/а-нан теңізге түсетін баспалдақ, көше жарықтары мен балалар ойыны алаңы, жылу жүйесі мен ыстық суға қатысты сұрақтар қойып, жауапты мамандармен тілдесті.
Қала әкімі Ербол Ізбергенов су, жылу мәселесіне тоқталып өтті.
"Жылу жүйесін толықтай ретке келтіру үшін 1 шағынауданнан бастап 15 шағынауданға дейін жылу және су құбырлары толықтай жаңартылады. Ыстық су мен үйдегі жылу жүйесін бөлу арқылы көптеген мәселелердің алдын аламыз",- деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.
Шағынаудан мәселелерінен бөлек тұрғындар қаланың орталығындағы баспалдақтарға ыңғайлы пандустар орнату, көшелерді жарықтандыру және теңіз жағасындағы әлеуметтік әжетхана санын көбейтуді сұрады.