6 қазан күні өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында өңір басшысы сала қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
-Құрметті жиынға қатысушылар, кәсіподақ ардагерлері! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күнімен құттықтаймын!
Бүгінде өңірде 126 кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында алтын көпір қызметін атқарып келеді.
Кәсіподақтар федерациясымен көп жыл бойы сындарлы және іскерлік қарым-қатынас орнаттық. Сіздердің алдағы қызметтеріңізге белсенді де жемісті жұмыс, еңбектеріңізге толағай табыс, амандық және өркендеу тілеймін!
Әділдік, бірлік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген кәсіподақ дәстүрлері нығая берсін! - деді Нұрлан Ноғаев.
Іс-шара барысында еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғаудағы белсенді қызметі үшін, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар кәсіподақ мүшелеріне облыс әкімінің алғыс хаты, сонымен қатар Қазақстан кәсіподақтар Федерациясы атынан кәсіподақта көп жылдар еңбек етіп, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына, нығаюына және дамуына қосқан елеулі үлесі үшін медальдар табысталды.
Маңғыстау облысында салалық кәсіподақтардың 45 жергілікті құрылымы жұмыс істейді, жалпы қызметкерлер саны 100 мыңнан асатын 695 бастауыш кәсіподақ ұйымы қызмет атқарады.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдарында жаңа жүйе қалыптасты. Облыстық кәсіподақ орталығы жұмысшылардың мүддесін қорғайтын ұйымға айналды. Қазірдің өзінде Кәсіподақ орталығында жүйелі түрде сегіз салалық филиал жұмыс істейді.