Аумақтық инспекция мамандары, Маңғыстау облысының Экология департаменті және «EcoJer» қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп Қаракөлдің ластанғаү аумағын тексерген. Олар аумақтағы уақытша вахталық қалашықта жұмыс істеп жатқан мердігер мекеме жерді қазу жұмыстары кезінде шыққан жер асты суын Қаракөл көліне жібергені анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жер асты суы қара топырақпен араласып, қара түске боялған. Қаракөл көліне құйылған судан Экология департаменті мамандарымен сынама алынып, қазіргі уақытта зертханалық зерттеу жүргізілуде.
«Аталған факті бойынша аумақтық инспекция тарапынан мердігер мекемеге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қазіргі таңда Қаракөл көліне жіберіліп жатқан су тоқтатылып, жиналған жер асты суы арнайы автокөлікпен басқа жерге апарылып жатыр», - делінген хабарламада.