Бүгін Ақтау қаласы әкімінің кубогы үшін шағын футболдан ардагерлерден құралған командалар арасында өткен халықаралық ашық турнирдің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараға қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов қатысып, турнир қатысушыларына алғыс білдірді.
- Қала күніне орай ұйымдастырылған шараға ат салысып, белсенділік көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Футболдың ардагер ойыншысы болғандарыңызға қарамастан қызығушылықтарыңыздың жоғалмағанына қуаныштымын. Келесі жылы да сіздермен қауышамыз деп ойлаймын, деді Әбілқайыр Байпақов.
Турнирдің бас төрешісі Ануарбек Санбаевтың айтуынша, мұндай турнир алғаш рет өтіп отыр.
-Айтып өту керек, турнирге 55+ жастағы ардагер ойыншылар қатысты. Бұдан біз қатысушылардың футболға, спортқа деген қызығушылығы мен адалдығын көре аламыз. Бұл - өскелең ұрпаққа үлгі боларлық дүние. Дені сау ұрпақ - жарқын болашақтың кепілі. Сол себепті де қатысушыларға алғысымды білдіргім келеді, деді футболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ануарбек Санбаев.
Кейін салтанатты шараның ең маңызды бөліміне өтіп, турнирдің «Үздік ойыншылары» марапатталды:
«Үздік қақпашы» - Юрий Асланян
«Үздік қорғаушы» - Әділбек Басекеев
«Үздік шабуылшы» - Әбубәкір Атағазиев
«Үздік сұрмерген» - Божидар Дюрица
«Үздік ойыншы» - Нұрым Сыргулов атанды.
Турнир қорытындысы бойынша 3 команда жеңімпаз атанды.
3 орынды - Жаңаөзеннен келген
«Өзенмұнайгаз» командасы алса, 2 орынды - «Зренянин», Сербия, 1 орынды - ақтаулық «Барс-Ойл» командасы алды.