Маңғыстау облысындағы «Жеті лақ» және «Bai balyk» кәсіпорындарынан шыққан өнімдер Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа шетелдерге жіберіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Екі кәсіпорын жергілікті әкімдіктің қатысуымен батыстың кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Business Bilim» білім беру жобасы аясында таңдалды.
«Business Bilim» кәсіпкерлерді қолдау жобасы батыстың үш облыс әкімдігінің қолдауымен және «Еуропалық Қайта құру және Даму банкі», «Шелл Қазақстан» компаниясы ұйымдастырған. Жалпы бұл жобаға Ақтау қаласынан 35 компания қатысып, оқудан өткен.
Шетелдерге өнім дайындайтын «Жеті лақ» және «Bai balyk» өңірлік кәсіпорындары 15 қыркүйек күні БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында таныстырылды.
«Жеті Лақ» шаруашылығы өңірдегі ең ірі ешкі шаруашылығы болып табылады. Шаруашылық Маңғыстау облысы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» сыйлығының иегері. Айына 3 тоннадан астам сүт дайындайды. Сондай-ақ, 12 сыр түрін шығарады.
-2019 жылы ашылдық. Қазіргі таңда біздің фермамызда аумағы 10 гектар болатын 100-ден астам асыл тұқымды сүтті ешкілеріміз бар. Олардың 50-ден астамы сауатын ешкілер. Әр сенбі, жексенбі күні фермамызға экскурсиялар ұйымдастырамыз. Оған мектеп оқушылары, ата-аналар балаларымен келеді. Фермамыздағы қояндар мен тауықтарды, ешкілерді тамашалайды. Қолымен тамақтандырады. Ірімшіктің дәмін көреді. Келесі жылы мемлекеттік грантты жеңіп алғаннан кейін, ешкілеріміздің санын 500-ге дейін жеткізгіміз келеді және өнімдерді экспортқа жібереміз, - дейді қожалық иесі Александр Григолов.
Ал, «Bai balyk» кәсіпорны жаңа ауланған албырт, бақтақ және майшабақ сияқты балықтарды қақтау, сүрлеу, маринадтау және тұздаумен айналысады. Қазіргі таңда 3 тоннаға дейін өнім шығарса, алдағы уақытта айына 30-40 тонна көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отыр.
-Қазіргі уақытта біз Оңтүстік Корея мен Қытайға экспорт жасап жатырмыз. Басқа елдерге шығу үшін өндіріс көлемін ұлғайту керек. Дегенмен біздің нарық біршама күрделі. Балық өңдейтін шаруашылықтарға қолдау көрсету үшін қазақстандық балықтың өзіндік құнын ретке келтіру қажет. Ол бірқатар қаржылық шығындарға тәуелді. Яғни бензиннің, логистиканың, жер-су телімін күтіп ұстаудың, браконьерлермен күрес сынды жұмыстар бар. Мемлекеттің қолдауы қажет. Қазіргі уақытта біз «Business Bilim» жобасынан қолдау таптық. Солардың арқасында 4,7 миллион теңге грант алып, өндірістік көлемді ұлғайтып келеміз, - деді «Bai balyk» кәсіпорнының негізін қалаған Айжан Нұғманова.