Фракция жетекшісі К.Дербісов жүргізген жиынға Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысы Н.Тумышев, қала, аудан әкімдері, басқармалар мен бөлім басшылары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» Сайлауалды бағдарламасы бойынша жасақталған Жол картасының орындалысы фракция жұмысының басты бағыты болғандықтан облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларының атқарған жұмыстары туралы тыңдалды.
Денсаулық сақтау басқармасы партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес 100 маманды тұрғын үймен қамтыған. 807 облыс тұрғынын қажеттілігіне сәйкес басқа өңірлерге емделуге жіберген.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осы жылы жалпы 18 389 адам жұмыспен қамтыған, оның ішінде 11 235 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жазғы мезгілде жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 1000 жасты жұмыспен қамту көзделсе, жоспардан асырып 1756-ден астам жас жазғы мезгілде жұмыспен қамтылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасы осы жылы сайлауалды бағдарлама аясында 6 шара жоспарланған болса оның төртеуі орындалып, екеуі орындалып жатқанын айтты. Соның ішінде облыс бойынша 449 иесіз құдықты анықтап, 20 құдықты зерттеп демеушілер есебінен Маңғыстау ауданында 20 құдық халық игілігіне, пайдалануға берген. Қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жер қатынастары басқармасы және Маңғыстау облыстық жер ресурстары департаменті жерді мақсатсыз пайдалану бойынша баяндама жасады. Облыс бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған 268 жер қойнауын пайдаланушылар тіркелген. Осы жер қойнауын пайдаланушыларға мониторинг жүргізіліп, келісімшарттық міндеттемелерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін 53 келісім шартты бұзуға ұсыныс берілді. Жыл басынан бастап 5 келісім шарт тоқтатылып, 2 келісім шарт сот арқылы бұзылған.
Сайлауалды бағдарламасындағы шаралар тұрғындардың әл ауқатын арттыруға бағытталғандықтан «Amanat» партиясының облыстық филиал төрағасы Н. Ноғаев күнделікті бақылауда ұстап, орындалысын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес Фракция мүшелері жұмыстарды нақты жүзеге асыруды тапсырды. Және жер мәселесі өзекті мәселе екенін айтып, келесі фракция отырысында қайта қарауға ұсыныс білдірді.