8-10 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара барысында Ақтау қалалық унитарлық кәсіпорнының әкімшілік полиция қызметкерлері заң аясында әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстың Полиция департаментіне сілтеме жасап.
657 борышкерге қатысты жеке сот орындаушыларына 6 миллион теңгеден астам айыппұл өндіру туралы құжаттар жолданды. Ал өз еркімен айыппұл төлеуден жалтарған 338 құқық бұзушыға полицейлер ескерту хаттарын жолдаған.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 894-бабына сәйкес 130-ға жуық азаматқа әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі туралы ақпарат беріліп, 5000-нан астам борышкерге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Автопоток» жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешенінің базасы ретінде 38 борышкер анықталып, одан 400 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл өндірілді. Осы шара барысында әкімшілік полиция қызметкерлері жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл өндірді.
Маңғыстау облысы бойынша ПД жүргізушілерді заңда белгіленген талаптарды сақтауға шақырады. Әкімшілік айыппұлды уақтылы төлеу қажеттігін ескертеміз.