Ақтау қаласында жол құрылысына қатысты сұрақтарды талқылайтын жиын өтуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараға Қазақстандағы, шетелдегі ірі мемлекеттік және жеке компаниялардың, салалық министрліктердің, қауымдастық өкілдерінің, битум және басқа да жол құрылыс материалдары, полимер-битум байланыс, қиыршық тас өндірушілер мен жеткізушілер қатысты.
Қатысушылар отандық битум өндірушілердің қуаттарды жаңғырту бойынша жоспарларын, битум байланыстырғыш материалдардың сапасын, жол құрылысында полимерлі-модификацияланған битумды пайдалануды, оларды тасымалдау, сақтау және инженерлік-мердігерлік келісім бойынша сапасын бақылау мәселелерін талқылады. Жиын қатысушылары Қазақстандағы ірі жол битум өндірушілердің бірі «Caspi Bitum» СП» ЖШС-нің қызметімен танысады.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі - ҚР ИИДМ «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, талқыланған мәселелер мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында өте өзекті.
- Бұл форум битумның сапасына қатысты мәселелерді ашық талдауға мүмкіндік береді. Өз тарапынан жол активтерінің ұлттық сапа орталығы автомобиль жолдарын салу кезінде битумды бағалаудың жаңа стандарттарын қолданатын болады, - деді Замир Сағынов.
Аталған жиын 9 қыркүйекке дейін жалғасады.