Облыс әкімдігінің телеграм каналына Ақтау қаласының тұрғыны №12 мектептің 4 сыныбында оқитын баласының осымен үшінші жыл қатарынан сабақ уақыты 15:00-де басталатынын айтып шағымданған. Желі қолданушысының айтуынша, бастауыш сынып балалары кешкі сағат 19:00-ге дейін оқиды екен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Тұрғынның айтуынша, ол бұған дейін бірнеше рет мектеп басшылығына аталған мәселені шешіп беруін сұрап жүгінген. Ондағылар мектепте оқушылар санының көп болуына байланысты, сабақ кестесін өзгертіп бере алмайтынын айтқан. Енді әлеуметтік желі қолданушысы жауаптылардан сабақтың басталу уақытын сағат 11:00 немесе 14:00-ге өзгертіп беруін сұрап отыр. Ата-ананың шағымынан кейін аталған мектеп директоры 4-сынып оқушылырының сабақ кестесі екінші ауысымға сағат 14:00-ге өзгертілетінін айтты.
- №12 мектептің 4-сынып оқушылары сағат 14:00-де екінші ауысымда оқитын болады. Біз бұрын сабақты кеш бастаған себебіміз, білім ордасы үш жылдан бері үш ауысымды мектептердің қатарында. Енді аталған сыныптың сабақ кестесі 14:00-ге ауыстырылды, дейді №12 мектеп директоры.