1 қыркүйек - Білім күнінде Ақтау қаласындағы 31А шағынаудан тұрғындары асыға күткен № 30 жалпы білім беретін жаңа мектептің лентасы қиылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Н.Қарасаев, облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
- Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қымбатты оқушылар! Сіздерді 1 қыркүйек — Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Білім - шамшырақ, ғылым, ілімнің бастау көзі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мектептердегі орын тапшылығын жою үшін 2025 жылға дейін кемінде мың мектеп салу туралы тапсырма берді. Бұл кәсіби оқытушылар құрамы және балаларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктері бар заманауи, техникалық жарақтандырылған білім беру мекемелері болуға тиіс. Міне, бүгін болашағымыз - балаларымыздың игілігіне жаңа мектептің ашылуына куә болып отырмыз. Осы жылдың қазан айында Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында 600 орындық тағы бір жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Баршаңызға табыс, шыдамдылық тілеймін. Балаларымыздың зейіндері ашылсын!, - деді Бекбол Орынбасаров.
Жаңа мектептің алғашқы қоңырауына 95 жастағы ардагер ұстаз, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Салиха Идрисова да қатысты. Ол саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұстаз.
Мектеп лентасын Салиха Ыдырысова және Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов қиып, қонақтармен бірге мектептің оқу кабинеттерімен танысты. Жаңа оқу орнында балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалған.
Мектептің оқу корпусы типтік жоба бойынша салынған және 1200 орынға есептелген. 48 оқу кабинеті, 4 оқу шеберханасы, 6 компьютерлік сынып, 1 спорт зал, 256 орынға арналған акт залы және 120 орынға арналған асхана, кітапхана, 10 орынға арналған оқу залы, медпункт және егу кабинеті бар.
Аталған мектепте 2 ауысымда 2110 оқушы оқиды, оларға 141 мұғалім сабақ береді.
Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік, жеке, арнайы және облыстық, барлығы - 185 мектеп бар. Онда 175 000-нан астам бала білім алуда.
Айта кету керек, Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші жоғары. Сәйкесінше, өңірде соңғы бес жылда оқушылар саны 38 мыңға артқан.