Ақтауда 34 А шағынауданында Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бағының тағы бір жаңа аумағы оашылды. Бақтың жалпы ауданы - 10 гектар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ботаникалық бақтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасарлары Бекбол Орынбасаров пен Ұлықбек Тналиев, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан, Ресей және Әзірбайжаннан келген ғалымдар қатысты.
– Сіздерді ботаникалық бақтың жаңа аумағының ашылуымен құттықтаймын. Бақ қызметкерлеріне өңірімізді көгалдандыруға қосқан үлестері үшін рақмет айтамыз. Ботаникалық бақ ұжымына таусылмас қуат, шабыт, шығармашылық табыс тілейміз, – деді Бекбол Орынбасаров.
Жаңа ботаникалық бақтың жұмысына Маңғыстау, Жезқазған және Алтайдан келген мамандар тартылды.
– Мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша байқауда жеңіске жеттік. Бірден негізгі жұмысқа кірістік. Бүгін, міне, жұмысымыздың нәтижесін көріп отырсыздар. Жаңа ботаникалық бақ мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен ашылып отыр, – деді «Маңғышлақ тәжірибелік-ботаникалық бағы» РМК бас директоры Ақжүніс Иманбаева.
Қонақтарға жаңа ботаникалық бақ аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Олар әр түрлі су өсімдіктерін өсіретін жаңа су қоймасы, тұқым шаруашылығы, физиология және биохимия зертханалары, Қазақстанның табиғи флорасы бар гербарий қорымен танысты.
- Үш жыл бұрын мұнда іс жүзінде ештеңе болған жоқ. Қазір нағыз оазис, таңғаларлық, орасан зор нәтижені көріп, куәсі болып тұрмыз. Әрине, мұнда басшының да, ұжымның да еңбегі зор. Бау-бақша өсірумен қатар, қаланың өзін абаттандыруға да көп көңіл бөлінетінін білемін. Тұрақты суару, жасыл аумақтарды күтіп ұстау қажет. Ең бастысы, бүгінде бай ғылыми тәжірибе жинақтай аламыз, өйткені мұндағының барлығын қарапайым қолмен жасау мүмкін емес. Маңғыстау аймағы шөлейтті. Бұл өңірде жасыл-желек өсіру өте қиын, қолайсыз. Осыған қарамастан көп тер төгіліп жатыр, – деді Орталық Сібір ботаникалық бағы дендрология зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Евгений Банаев.
Іс-шара Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бағының құрылғанына 50 жыл толуына арналған конференциямен жалғасты. Шетелдік және қазақстандық ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Барлығы 56 ғылыми баяндама ұсынылды.