Тігін фабрикасының өнімін негізінен мұнай және газ кен орындары, құрылыс алаңдары, әскери саладағы қызметкерлер тұтынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
2015 жылдан бастап зауыт «Sharkey» брендімен былғары мокасиндер шығарып келеді. Ыңғайлы, стильді, таза былғарыдан тігілетін сапалы аяқ киімдер үлкен сұранысқа ие. Шикізаттар Қазақстан, Ресей, Түркия және Италия өндірушілерінен жеткізіледі. Зауыттың өнімдері көрші елдердің тауарларынан оқ бойы озық тұр.
«Zhamal-ai LTD» фабрикасында сапалы, ыңғайлы, берік жазғы және қысқы арнайы киімдер де тігіледі. Кәсіпорын өңірдегі өндірістік мекеме жұмысшыларын арнайы киімдермен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30 мың бірлік арнайы киімге жетіп отыр. Киімдердің барлығында бірегей үлгі мен табиғи шикізат қолданылады.
«Зауыттың шығаратын өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Еңбекке
қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамтимыз. Колледждер мен жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандарды жұмысқа орналастыру бағдарламасы орындалуда. Кейбір жастар мектепті бітіргеннен кейін кәсіпорында курстанөтіп, жұмысшы біліктілігін алады»,- дейді «Zhamal-ai LTD» ЖШС директоры Зибира Хасанова
Ұжымның негізгі бөлігін әйел жұмысшылар құрайтынына қарамастан, жұмысқа талап жоғары. Қызметкерлер саны тұрақты өсіп, соңғы 5 жылда 30% артты.
Қоғамның осал топтарын әлеуметтік қолдау мақсатында қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға көп көңіл бөледі. ҰОС ардагерлеріне, жекелеген әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, түрлі ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсетеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның қуатты өндірістік базасы, техникалық жабдықталуы, білікті мамандар қатары бар. Зауытта киім мен аяқ киім тігу үшін 160 жоғары білікті маман жұмыс істейді. Кәсіпорын мол тәжірибесімен ішкі нарықта үлкен беделге ие. Отандық өндірістің алдағы мақсаты айқын. Сапалы өнімдердің аясын кеңейтіп, жаңа нарықты бағындыру.