Қазіргі таңда елге Грузия мен Әзірбайжаннан кедендік баж салығын төлемей, көліктерді көбірек әкеліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтың Мемлекеттік кірістер басқармасына сілтеме жасап.
Астыртын схема былай жұмыс істейді: алдымен шетелде көлік таңдайды, содан кейін оны уақытша импорт ретінде Қазақстанға апарады. Алайда осы уақытқа дейін сатушыда тапсырыс берушінің атына көлікті басқаруға нотариалды куәландырылған сенімхат болады. Қазірдің өзінде Қазақстанда осы схема бойынша әкелінген 100-ден астам көлік анықталды.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті шетел азаматтары елге уақытша келіп және автокөліктерді уақытша әкеліп, оны пайдаланған жағдайда ғана кедендік төлемдер төленбейтінін хабарлайды.
Ал Қазақстан азаматтары уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға, сондай-ақ Қазақстан аумағында шетел көлік құралдарын басқаруға тек кедендік ресімдеуден кейін және тиісінше кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана құқылы.
Жеке пайдалануға арналған шетелдік көліктерді әкелгеннен кейін шетелдіктердің белгілі бір уақыттан кейін Қазақстан аумағынан шығып кететіні байқалады. Яғни, бұл аталған көліктер ЕАЭО аумағына ешбір кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей, қазақстандық тұлғаға беру және Қазақстан Республикасының аумағында тіркеу мақсатында әкелінді деуге негіз береді.
Бүгінгі күні Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлік құралдарын ТПиН және кедендік декларациясын төлемей мемлекеттік тіркеудің 603 фактісін анықтады.
Кедендік ресімдеусіз автокөліктерді тіркеу фактілері бойынша материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді.
ЕАЭО және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес шетелдік азаматтардан уақытша әкелінген шетелдік көлік құралдарын кедендік ресімдеусіз және кедендік баждарды төлемей сатып алған ҚР-ның азаматтары кедендік төлемдерді төлеу үшін ортақ жауапкершілікте болады. Осылайша, анықталған фактілер бойынша шетелдік азаматтардан да, Қазақстан азаматтарынан да кедендік баж салығы алынады.
Сондай-ақ Департамент аталған көліктерді тіркеуді жарамсыз деп тану және ЕАЭО кедендік аумағында пайдалануға тыйым салу бойынша жұмыстарды бастады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне үндеу жолдады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын рұқсат етілмеген шетелдік автокөліктер, оның ішінде кедендік ресімдеусіз тіркелгендер «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 52-тарауына сәйкес уақытша сақтау қоймасының кедендік бақылау аймағына орналастырылады.
Ұсталғаннан кейiн бiр ай iшiнде кеден төлемдерi төленбеген немесе әкетiлмеген жағдайда мұндай автомобильдер сатылады. Ал сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының бюджетiне аударылады.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша полиция департаментінің бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан азаматтарының бақылауындағы Грузияның мемлекеттік нөмірлері бар бірқатар автокөлік анықталып, уақытша сақтау қоймасына орналастырылды.