Жақсылықта 20 мың шақырым деп ұрандатқан «Asarume» қорының қайырымдылық форумы өтті,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Форумда энергетика вице-министрі Асқар Хасенов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев сөз сөйлеп, қор жұмысына сәттілік тіледі. Кешке қор арқылы бұрын баспаналы болған және бүгін пәтер сертификатын алған отбасылар қатысты.
⁃ Тур барысында көптеген адамға сенім беріп, өмірге деген жаңа үміт сыйладық. 40 күнде 200 миллионнан астам қаражат жинап, 17 жанұяның баспаналы болуына және 13 отбасының кәсіп ашуына көмектестік. Мұның барлығы халықтың ауызбіршілігі арқасында - дейді «Asarume» қорының директоры Асхат Нұрмашев.
Аталған қайырымдылық акциясы 16 шілде күні елордада басталған. Осы уақытқа дейін сегіз қалада болып, 40 күн ішінде 5000 мың шақырымды жүріп өткен.
«Asarume» қоры осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласында құрылған. Осы уақытқа дейін 500-ге жуық отабасын баспанамен қамтыған. Оның ішінде он бір отбасы - Маңғыстаудан.
Солардың бірі - көп балалы аналар Атаниязова Барно мен Джуманиязова Ләззат. Осы уақытқа дейін тұрмыс тауқыметін тартып келген бұл отбасылар енді өз баспаналарында тұратын болады.