Ақтаудағы «Ақжол» шаруа қожылығы аграрлық несие корпорациясының қолжетімді әрі тиімді қаржыландыру тетіктерін іске асыру нәтижесінде кәсібінің өрісін кеңейтіп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ел президені Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Алматыда өткен жетекші қаржы және банк құрылымдарының өкілдерімен кездесу барысында агроөнеркәсіп субьектілерін қаржылық қызметтермен қамту, оның ішінде ауылдар мен елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамыту қаржы секторы үшін басым бағыт болуы қажеттігін айтты.
Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша агроөнеркәсіп нысандарын қаржыландыру бірнеше бағытта жүзеге асады. Аталған қаржы институы тікелей қаржыландыру немесе несие серіктестіктері, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және жеке лизингтік компанияларды қорландыру арқылы қолжетімді несие беру жүйесін ұсынып келеді. Осы күнге дейін аграрлық несие корпорациясы бойынша қаржыландыру көлемінің 40 пайыздан астамы несие серіктестіктері арқылы рәсімделген. Былтырдың өзінде еліміз бойынша корпорация несие серіктестіктеріне 110 млрд. теңге бөліп, 6,4 мың жобаны қаржыландырған. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына26,5 млрд теңге, техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға 29,6 млрд теңге, төрт түлік сатып алуға 35,7 млрд теңге және өзге де мақсаттарға 18,1 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі таңда Маңғыстауда үш несие серіктестігі жұмыс істейді. Соның бірі - 140-тан аса мүшесі бар «Мұнайлы несие» несие серіктестігі. Жыл басынан бері қаржы институты жалпы сомасы 344,3 млн теңгеден асатын 18 жобаны қаржыландырған.
«Мұнайлы несие» арқылы кәсбін ілгерілеткен азамат «Ақжол»шаруа қожалығының иесі Болат Есенәлиев. Ол 2015 жылы мал бордақылау кешенін жасқтаған. Бордақылау алаңының жалпы ауданы 1 га шамасында.
«Жыл сайын 100 бас ірі қараны бордақылап, сойып, жергілікті базарлар мен ет комбинаттарына етке өткіземіз. Сырттан келген өнімнен 100 теңгеге кем бағада саудалаймыз. Бұдан бөлек осы кешенде 50 бас жылқы, 100 бас қойды бордақылауды қолға алдық. Былтыр облыстағы аграрлық несие корпорациясына қарасты несиелік серіктестік арқылы айналым қаражатын толықтыру үшін несие алып, трактор -арнайы техникаға қол жеткіздім. Тағы бір мәрте 33 млн. көлемінде несие рәсімдеп, 20 бас бие құлынымен, 3 боталы түйе алдым. Былтыр қуаңшылыққа байланысты Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Ақсай ауылдық округінен жер жалға алып, біршама ірі қара мен жылқыны сол жаққа аттандырып, шаруа қожалығымды өркендетіп жатырмын, Несиелік серіктестік жеңілдетілген несиелік ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6-дан аспайды. Бұл екінші деңгейлі банктердің шағын кәсіпкерлікті несиелендіру саясатымен салыстырғанда әлдеқайда тиімдірек. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған бірқатар жеңілдіктер қарастырылған, 4 пайыздық мөлшерлемемен несиелендіру тетіктері іске қосылған. Жалпы мұндай қаржы институы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше қолдау көрсетуде»,-дейді Болат Есенәлиев.
Бұған қоса, қожалық аграрлық несие корпорациясынан тікелей несие алып, мал мен шөп тасымалдауға арналған жүк көлігін сатып алған.
Бүгінде бордақылау кешенінде 8 адам жұмыс жасайды. Еттен бөлек, сүт, шұбат пен қымыз өнімін сатылымға шығарады. Қазіргі таңда шаруа қожалығының иелігінде 200-ге жуық жылқы, 100-ге тарта ірі қара, 200-дей қой мен ешкі түлегі бар. Алдағы уақытта кәсіпкер аграрлық несие корпорациясының қолжетімді қаржыландыру жүйесіне иек арта отырып, жылыжай кәсібін жетілдіруге бет бұрмақ.