26 шілдеден бері «Zhas Project» жобасына қатысу үшін 400-ге жуық өтінім түскен. Бұл туралы жобалық өңірлік кеңсенің мамандары мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мәселелерін шешуге бағытталған жобаларға өтінім қабылдау аяқталады.
Содан соң тіркелген өтінімдер екі кезеңдік іріктеуден өтеді. Алдымен, техникалық іріктеу– мұнда жобаның негізгі талаптарға сәйкестігі сараланады. Бұдан өткен жобалар конкурстық комиссияның іріктеуінен өтеді.
"Шағын гранттар конкурсына қатысуға Маңғыстау облысының аумағында кемінде 3 ай тұрақты немесе уақытша тіркелген, 18 бен 28 жас аралығындағы жастар шақырылады. Конкурста халықтың осал топтарындағы жастарға басымдық беріледі. Жастар жобаларын жүзеге асыру 3 айға созылады.
Қатысушыларға менторлар тарапынан кеңес беру көмектері көрсетіледі. Менторлар конкурстық негізде таңдалады. Олар әлеуметтік салада немесе жастармен жұмыс істеуде қажетті тәжірибесі болса, ментор бола алады", - дейді жобаның өңірлік кеңсе өкілдері.
Аталған жобаны ақпараттандыру бойынша облыстағы аудан, қалаларда кеңсе мүшелері 20-дан астам кездесу өткізген. Бұдан бөлек, жобаның call-орталығына 100-ден аса қоңырау түсті, 20-дан астам жас кеңсеге келіп, бетпе-бет ақпарат алған.