"Батыс" өңірлік қолбасшылығында теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында ҚР Қорғаныс Министрлігі Әскери колледжінің сержант-түлектерімен оқу–әдістемелік жиын өткізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл теңіз жаяу әскерлері бригадасын әскери оқу орнының 35 түлегі толықтырды. Оның барлығы өздерінің лауазымдық міндеттеріне кірісіп кетті. Оларды гвардия әскери бөлімінің командирі подполковник Жаннұр Сатқынов құттықтады.
Оқу-әдістемелік жиынды өткізу жас сержанттарды әскери қызметке бейімдеуге бағытталған. Жауынгерлік даярлық пәндері бойынша сабақтардан кейін жалпы әскери жарғыларды, Әскери психология мен педагогиканы білуге, дене шынықтыру, атыс даярлығы және әскери топография бойынша сынақтар тапсыру ұйымдастырылады.
– Бізді әскери бөлімде қарсы алып, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етті. Енді біздің негізгі міндетіміз – қызметтік міндеттерді адал орындау, алған білімдерін қолдану, – деді бөлімше командирі болып тағайындалған кіші сержант Аян Жаманқараев.
Жас сержанттармен жиын 10 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде олар әскери бөлімде қызметтік жұмысты ұйымдастырудың негізгі қағидаттарымен егжей-тегжейлі танысып, жеке құрамды басқару дағдыларын бекітеді.