Такси қызметтері бағасының өсуінің негізгі себебі жергілікті атқарушы органдардың жолаушыларды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі, бәсекелестікке теріс әсер еткен әрекетсіздігі және уәкілетті орган мен басқа да мемлекеттік органдар тарапынан олардың құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты бақылаудың болмауы болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz монополияға қарсы департаментке сілтеме жасап.
Жолаушыларды таксимен тасымалдау нарығы тасымалдаушы құрған ақпараттық-диспетчерлік қызметтер арқылы және халық арасында жоғары сұранысқа ие мобильді қосымшалар (Яндекс, Indriver және т.б.) арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар (Қарақия ауданын қоспағанда) такси тасымалдаушыларының тізілімін тиісті түрде жүргізбейді, алаңдарда, даңғылдар мен көшелерде такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау қамтамасыз етілмейді.
Жолаушыларды тасымалдау бойынша жұмыстар мен қызметтерді жүзеге асыру кезінде шарттар мен құқықтар теңдігінің болмауына байланысты 2020-2021 жылдар кезеңінде 10-ға жуық такси тасымалдаушысы (круиз, саяхат, vit, удача және т.б.) өз қызметін тоқтатты.
Такси тасымалдаушыларының көпшілігінің жұмысы ("Taxi Suncar" қоспағанда) формалды сипатқа ие, яғни автокөліктің рейс алдындағы техникалық тексерісі, такси жүргізушілерінің рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерісі қамтамасыз етілмейді, бұл адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Такси тасымалдаушыларының қызметін заңнама талаптарына қатаң түрде сәйкестендіру қажет. Өйткені міндетті сақтандыру шартын жасамаған тасымалдаушыға жолаушыларды тасымалдауға болмайды.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, Маңғыстау облысы бойынша ресейлік такси агрегаторларының жиынтық табысы (Indriver - нарықтағы үлесі 89,2%, Яндекс - нарықтағы үлесі 10,8%) сапардың орташа құнын ескере отырып, 2 жыл ішінде шамамен 670 миллион теңгеден асты.
Айта кету керек, аталған мобильдік такси агрегаторлары такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимінің сақталуын қамтамасыз етпейді және жол жүру құнының 7-20% мөлшерінде ақы алады, бұл ретте такси қызметтерін (автокөлікке техникалық қызмет көрсету, газ/бензин және т.б.) ұсыну бойынша елеулі шығын болмайды.
Маңғыстау облысындағы кейбір тасымалдаушылар нарықта әр сапардан 2,5% мөлшерінде комиссия алатын делдалдар ғана әрекет етеді және іс жүзінде тасымалдаушылар қызметін атқармайды. 500 теңге мөлшерінде сапардың орташа құнын ескере отырып, талданып отырған кезеңде олардың табысы шамамен 240 млн теңгеден асты.
Мемлекеттік кірістер органдарының ақпаратына сәйкес, қызметтен түсетін жоғары пайданы назарға ала отырып, 2020 жылы салық аударымдарының сомасы – 0 теңгені, ал 2021 жылы бар болғаны 377,4 мың теңгені құрады ("Mangistau taxi" ЖШС – 326,6 мың теңге., ТОО "Тасскопарк такси" - 50,8 мың тг., "Каспий 12" ЖШС-0 тг.).
Азаматтар үшін такси қызметін көрсету бойынша нарықтағы кедергі мыналар болып табылады: мобильді қосымшаның, байланыстың, интернеттің болмауы, такси агрегаторларының қызметтеріне жоғары комиссия, бір километрден аз қашықтыққа 2500-3000 теңге мөлшерінде жол жүру үшін шотты дұрыс ұсынбау және тәуліктің белгілі бір уақытында жоғары баға.
Сондықтан жергілікті ақпараттық-диспетчерлік қызметтер мен такси тасымалдаушыларын (таксопарктерді) дамыту және қолдау қажет.
Жолаушыларды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі тиісті жұмыс монополияға қарсы ведомствоға таксиге қызмет көрсету нарығында негізделген бағаны қалыптастыруға, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы таксимен тасымалдаушылармен комплаенс жасау жолымен жұмсақ құқық құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.
Өңірдің туристік әлеуетін ескере отырып, такси қызметтері нарығының дамуын ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдау қажет. Олар қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына одан әрі оң әсер етеді, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жергілікті бюджетті толықтырады.
Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі үшін аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының атына монополияға қарсы ден қою актілері енгізілді және Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттер жасау туралы нұсқама жіберілді.
Талдау нәтижелері туралы Ішкі істер органдарына, көлік инспекциясына және Мемлекеттік кірістер органдарына хабарланады.