Маңғыстаулық екі спортшы дзюдодан өткен Азия чемпионатында күміс және қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Дзюдодан жастар арасында ұйымдастырылған Азия чемпионаты Тайланд елінің Бангок қаласында өтті. Жарыста 18 спортшы ел намысын қорғады. Ұлттық құрама сапында 2 маңғыстаулық спортшы да бар. Атап айтқанда 60 келі салмақта Мерей Марханбетов күміс жүлдегер, 81 келіде Мейірлан Максим қола жүлдегер атанды.
- Мерей Индия, Макао, Корея елінің балуандарымен белдесулерде таза жеңіспен жеңіп, финалға шықты. Финалдық белдесуде өзіміздің Қазақстанның спортшысына есе жіберіп, 2-орынға ие болды, - деді Мерейдің жеке бапкері Сапар Бурамбаев.
Ал Мейірлан Максимнің жеке бапкері және дзюдодан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Айбек Имашевтің айтуынша, спортшы сингапурлық және моңғолиялық спортшылармен өткен белдесуде жеңіске жетіп, 3 белдесуде Корея балуанына есе жіберді. Қола үшін болған бәсекеде Тәжікстан спортшынан басым түсіп, 3-орын иеленді.
Енді екі спортшы 6-14 тамыз аралығында Эквадордың Гуаякиль қаласында өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастайды.
Дзюдодан жастар арасындағы Азия Чемпионатына 15 мемлекеттен спортшылар қатысты. Аталған жарыс шілде айының 20-21 күні өтті.