Республикалық білім беру гранттарымен қатар, Маңғыстау облысының түлектеріне техникалық және педагогикалық мамандыққа түсуге қосымша 6 мың грант бөлінді. Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте бірнеше оқу орынының өкілдері гранттар бойынша таныстырылым жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атап айтсақ, Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетiне Атырау мен Маңғыстау түлектеріне 87 грант бөлінген.
- ҚБТУ техникалық білім беру саласындағы көшбасшы ретінде айти бағыттары, оның ішінде мұнай-газ саласы, бизнес және менеджмент, сондай-ақ «Қазақстан Теңіз академиясы» бойынша сапалы білім ұсынады. Бізге ҰБТ-да 70-тен артық балл жинаған және физика, математиканың бейіндік пәндерін таңдаған, сондай-ақ ағылшын тілін меңгерген талапкерлерге оқуға тапсыра алады, - деді Асқар Дүйсенбиев.
О.А.Байкоңыров атындағы Жезқазған университетi, С.Торайғыров университетi, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетi, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетi, Рудный индустриалдық институты, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетi, Қазақ-Британ техникалық университетi және Алматы технологиялық университетiнің өкілдері келді.
Ал, Рудный индустриалдық институтына 290 грант орындары бөлінген.
- Оның ішінде, «Ақпараттық технологиялар» 50, «Электротехника және энергетика» 25, «Электротехника және автаматтандыру» 15, «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» 35, «Автокөлік құралдары» 15, «Механика және металл өңдеу» 20, «Тау‒кен ісі және пайдалы қазбалар» 32, «Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары» 98 грант бөлінді. Әр пәннен 5 ұпайдан жоғары 50 шектік баллымен бастап қабылдаймыз, - деді институт өкілі Айымжан Қосбаева.
Ал Жезқазған университетіне 136 орын грант берілген.
- Педагогикалық бағыт бойынша 6 білім беру бағдарламасы, 4-і техникалық бағыттағы мамандықтар. 400 орынға арналған жатақхана бар. Былтыр ғана ағымдағы жөндеуден өткен, заманға сай жабдықталған. Қыста орталықтандырылған жылыту жүйесі арқылы жылынады. Ыстық, суық су үзіліссіз беріледі. Жатақхана ішінде өзінің ас дайындайтын орны, жаңа тоңазытқыштары, акт залы, компьютерлік кабинеті, кітапханасы бар, - деді Қарлығаш Бектұрова.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетiне педагогикалық мамандарға 94, техникалық мамандықтарға 46 орын бөлінген.
- Университетте әскери кафедра, жатахқана бар. Бізде білім алуға шақырамыз, - деді Самал Смағұлова.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетiне 237 грант бөлінген.
- Батыс өңірінің түлектеріне 237 грант бөлінді. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, география, гуманитарлық пәндер, жер туралы ғылым, химия, биология, физика, математика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлауға, ақпараттық технологиялар, педогогика және психология, арнайы педагогика, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауыш мамандықтары бойынша грант бөлінді, - дейді университет өкілі Нұрлыхан Каликперова.
Павлодардағы С.Торайғыров университетiне 363 грант бөлінген.
- Математика, физика, химия, биология, география таңдау пәндері бойынша грант беріледі. Мамандықтарды атап айтсақ, ақпараттық технологиялар, мұнай-газ ісі, қала құрылысы, механика, энергетика, автоматтандыруды басқару бойынша бөлінді, - деді Айша Төлеубаева.
Ал, Алматы технологиялық университетiне 96 грант және С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетiне 25 грант орны берілген.
Айта кетейік, талапкерлерге қойылатын негізгі талап: міндетті түрде Манғыстау облысының биылғы талапкері болу керек. Оған қоса, 2022 жылдың 16 мамыр және 5 шілде аралығында өткізілген Ұлттық біріңғай тестілеу сертификаты болуы тиіс.