Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлеріне бұрыңғы әріптестеріне қатысты сот үкімі таныстырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Семинар жұмысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұргүл Мұқатай жүргізді.
«Биыл 30 мамырда Ақтау қалалық сотының үкімімен Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев күн панельдерін жеткізушілерден субсидия беру кезінде жалпы қамқорлығы үшін пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, оған 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Алдағы уақытта осы секілді келеңсіздіктерге жол бермеу керек. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмауды әрбір адам өзінен бастауы тиіс,»- деді Нұргүл Мұқатай.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар түсіндіріліп, оған қарсы ішкі талдау жұмыстарын жүйелі жүргізуге қатысты ұсыныстар айтылды.