Мұнайлы ауданының тұрғыны Бағдат Ізімов аудандық жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған конкурсқа қатысып, үкіметтен қайтарымсыз 1 220 000 теңге грант ұтып алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтем жасап.
Бағдат Ізімов — бүгінде дәнекерлеуші маман. Мемлекеттік гранттан түскен қаражатқа құрал-жабдықтар алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жеке кәсіпке бет бұрғанға дейін тұрақты жұмысы болмаған. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздыққа тіркелуге барғанда, сол жердегі мамандардан кәсіпкерлікке баулитын «Бастау бизнес» жобасы жайлы естиді. Мамандардың нұсқауымен кәсіпкерлік курсын оқып, дәнекерлеу жұмысына қатысты бизнес жобасын сәтті қорғап шығады.
Бағдаттың негізгі мамандығы — технолог. Алайда дәнекерлеу, әрлеу ісіне қызығушылығы жоғары. Соңғы үлгідегі технологиялармен жұмыс жасау, түрлі-түсті металдарды дәнекерлеуді меңгерген. Тіпті шетелдік компанияларда қызмет жасаған. Осылайша, біраз уақыт тәжірибе жинақтап, арнайы курстарды тәмамдаған соң жеке кәсібін ашты. Бағдаттың дәнекерлеу жұмыстарымен қамтамасыз ететін, барлық құрал-саймандармен қамтылған өз шеберханасы бар. Еңбеккор жан көлік құрастыру, қайта өңдеуді, былайша айтқанда сынған заттың кез келгенін дәнекерлеу жұмыстарына қосымша тапсырыстар қабылдайды. Тіпті, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
- Қазіргі таңда бизнес жоспарым бойынша жұмыс жасалып жатыр. Үкіметтен алынған қаражатқа аппараттарымды сатып алдым. Бес адамды жұмыспен қамтып отырмын. "Диплом бар, жұмыс жоқ" деп айтатындар жұмыс істегісі келмейтін адамдардың сылтауы дер едім. Іздеген адамға жұмыс табылады. Тіпті біз бес адам, өзіммен қосқанда алтаумыз жұмыстың көптігінен артық тапсырыстарға үлгермей жатамыз, - дейді кәсіпкер.