Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол саласындағы бақылауды күшейтуге, сондай-ақ бейінді нормативтік актілерді өзектендіруге бағытталған бірқатар жүйелі шараларды дайындады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасы индустрия және ифнрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік мекемесі арқылы елді мекендердегі жолдарды жөндеу сапасына міндетті сараптама енгізуді көздейді.
- Бүгінгі таңда техникалық қадағалаушы және жобалаушы ұйымдар жолдарды пайдалануға бергеннен кейін сапасыз жобалық шешімдер мен ақаулықтар анықталған жағдайда жауап бермейді. Жаңа заң жобасы мақұлданса, жағдай өзгереді. Бұл, өз кезегінде жолдың техникалық нормативтерге сәйкес болуын, сондай-ақ кепілдік кезеңінде пайда болған ақаулар үшін техникалық қадағалау мен жобалау ұйымдарына ортақ жауапкершілікті беретін болады, - дейді жол саласының ардагері Бекмұрат Байдуллаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 157 мың шақырым.
- Соның ішінде 25 мың шақырымы — республикалық маңыздағы жолдар. 71 мың шақырымы — жергілікті маңызда, қалған 61 мыңы — елді мекендер ішілік жолдар. Өз басым, жол саласында 24 жыл еңбек еттім. Маңғыстау облысында трассалардың жағдайы көп аймаққа қарағанда әлдеқайда жақсы, - дейді Бекмұрат Байдуллаев.
Еске сала кетейік, 14 шілдеде Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол саласын өткір сынға алып, жолдардың сапасы нашар болғаны үшін жауаптыларды жазаға тарту керектігін айтқан еді.