Дәрігерлер неліктен ерікті және ақысыз қан тапсыруды дұрыс санайды? Бұл сұраққа қан орталығының мамандары жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Төмен және орташа табысы бар елдерде қан құю мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес, әсіресе жүктілік пен босану кезінде сұраныс жоғары екендігін байқауға болады. Әйелдер үшін донорлық қан ауадай қажет, әсіресе босану кезінде сұраныс артатын кездер аз емес.
Ал табысы жоғары елдерде трансфузия көбінесе жүрек хирургиясы, трансплантация хирургиясы, жарақат және қатерлі ісік терапиясы үшін қолдау терапиясы ретінде қолданылады. Осылайша қанға деген сұраныс шынымен де жоғары екендігін байқауға болады.
Дүние жүзінде қан мен қан өнімдеріне деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Оның бірден-бір себебі түрлі апаттар мен техногендік жағдайлармен ғана емес, созылмалы аурулардың көбеюімен байланысты болып отыр.
Жасыратыны жоқ, мұқтаж жандар ақша үшін қан тапсыратыны бұрыннан байқалады. Ал кейбіреулері қан арқылы жұғатын ауруларын әдейі жасырады. Сондықтан қанның ең қауіпсіз көзі - тұрақты және тегін қан тапсыратын ерікті донорлар. Төлем мәселесін алып тастау ерікті донорлықтың анағұрлым жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өйткені бұл жағдайда донорлар табыс табуды емес, ең алдымен емделушіге қолдау көрсетуді ойлайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемнің70-тен астам елінде қанмен қамтамасыз етудің 90%-дан астамы ерікті донорлық есебінен қамтамасыз етіледі.
Қан доноры - өз қанын өзгеге ұсына отырып, өлім аузындағы адамға өмір сыйлайтын жан. Дегенмен екінің бірі қан доноры болуға келісе бермейді. Оған қорқыныш, сенімсіздік және денсаулық жағдайы себеп болуы мүмкін. Шын мәнісінде, донорлық қан көптеген адамның өмірін аман алып қала алады. Мысалы, босану кезінде туындаған қан кету жағдайында, қан аздықтың ауыр түріне шалдыққан балаларға, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге және онкология мен хирургия бөлімдерінің емделушілеріне қан құйылады. Қан тапсыру арқылы кез-келген адамға ең құнды сыйлық - өмірді сыйлауға мүмкіндік алып, бір немесе бірнеше адамның өмірін сақтап қаласыз. Өйткені қанды толығымен ғана емес, кейде эритроцит, тромбоцит және плазмаларға жіктеп, бөліп пайдалануға болады.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, қан тапсыру ерікті донорлардың өздеріне де пайдалы әсер етеді. Белсенді донорлар жүрек-қан тамырлары ауруларына азырақ шалдығады және жол апаттары мен басқа да жазатайым оқиғаларда қан жоғалтпауға оңай төтеп береді. Яғни, қан доноры болу арқылы біреуге өмір сыйлап қана қоймай, өз өміріңді де ұзартуға болады.
Маңғыстау облыстық Қан орталығы қайтарымсыз қан тапсыру арқылы адам өмірін арашалап қалуға шақырады. Орталықтың мекенжайы: Ақтау қаласы 34 ш/а, 1/2 ғимарат. Телефон нөмірлері 8 (7292) 40‒32‒78, 8 (7292) 40‒17‒50.