"Оймаша" полигонында Теңіз жаяу әскерлері бригадасының жауынгерлік даярлығы қарқынды өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Практикалық сабақ барысында көктемгі шақырылым сарбаздарының жеке құрамымен заңсыз қарулы топтарды тойтару, кейіннен шабуылға көшу және шартты қарсыласты қудалау бойынша іс-қимылдар пысықталуда.
Сабақтың мақсаты-шабуыл кезінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін тексеру, бөлімше командирлеріне қарсыластың қорғанысын, ұрыста атыс пен бөлімшенің қозғалысын басқару бойынша тәжірибе беру.
- Әр түрлі бөлімдердің сабақ тақырыптары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, біреуі қорғаныста, екіншісі шабуылда, үшіншісі арнайы тапсырмаларды орындайды. Бұл ретте кемінде жаттығулардың 30% - ы түнде жеке нормативтерді орындаумен, бөлімше құрамын пысықтаумен өтеді-деп атап өтті бригада командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары майор Сапаралы Қазақбаев.
Айта кету керек, бөлімшелердің жауынгерлік атыстары екі апта бойы өтеді. Даярлықтың келесі кезеңі взводтарды үйлестіру іс-шараларына арналады.