Ақтаудағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Санжар Нұрғалиев химия пәнінен халықаралық олимпиадада күміс жүлде алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
«International Chemistry Olympiad» деп аталатын халықаралық олимпиада 10-18 шілде аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында онлайн режимде өтті. IChO (International Chemistry Olympiad) — оқушыларға арналған ең беделді олимпиада. Оған Қазақстан құрамасы атынан QazChO химиктер алқасы өткізген арнайы емтихан нәтижесі бойынша іріктелген 4 оқушы қатысты.
Сайысқа қатысушылар 5 сағатта 9 теориялық мәселені шешу керек болған. Біздің оқушылар тапсырмаларды жақсы орындап шықты. Нәтижесінде Мадияр Қасымалы (91.94/100) — алтын алса, үш оқушы күміс жүлдені қанжығалады. Үш оқушының біреуі — Маңғыстаулық Санжар Нұрғалиев. Нәтижесі—(74.54 / 100).
- Бұл Санжардың бірінші байқауы емес, ол химия пәні олимпиадасына 7-сыныптан бастап қатысып келе жатыр. Осы уақытқа дейін республикалық химия пәні олимпиадасында І орын, халықаралық Менделеев олимпиадасынан күміс медаль иеленген. Ал мына күміс жүлденің орны мүлдем бөлек. Өйткені бұл халықаралық химия олимпиаданың мектеп оқушылары арасында дәрежесі жоғары, - деді Санжардың пән мұғалімі Ибрахим Бақдәулетұлы.